Алматыда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған экологиялық дискотека ұйымдастырылды

АТЫ. 31 мамыр. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, "Мүгедек балалар ата-аналарының қауымдастығы" оңалту орталығында (РЦ «АРДИ») мүмкіндігі шектеулі балалар үшін "Ғаламшарды құтқарамыз!" атты экологиялық дискотека ұйымдастырылды.

Аталмыш шара "Мүгедек балалар ата-аналарының қауымдастығы" оңалту орталығы, «Panasonic (CIS) АҚ, Алматы интернационалдық әйелдер клубының ұйымдастыруымен өткізілді.

Мерекеге 70-тен аса мүгедек балалар және олардың ата-аналары қатысты. Олар үшін арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Шараға қатысқан әнші Ерлан Көкеев, «К7», «Эверест», «Е-Мае», «AmetisT» және «New World» топтары балаларды мерекемен құттықтап, олар үшін арнайы өнер көрсетті.

" Барлық шаралар бүгін тек балалар үшін ұйымдастырылуда. Біз олардың бар көңілімен қуанғанын, шаттанғанын, көңіл көтергенін, дем алғанын қалаймыз",-деп атап өтті "Мүгедек балалар ата-аналарының қауымдастығы" оңалту орталығының директор міндетін уақытша орындаушы Ринат Мұхаметшин.

Оның айтуынша бұл күнге "Panasonic" компаниясы «Экоидея» жобасы аясында орталықтың аумағына арнайы гүлдер мен әр түрлі өсімдіктерді отырғызып сыйға тартқан.