деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі шара 5-ші мерейтойлық акция. Біз бұл шараны жылда Халықаралық мұражайлар күні мерекесіне орай ұйымдастырып келеміз. Міне, дәстүрге айналып, тұрақты өтіп келеді. Осы жылдар аралығында бұл акция Алматы мәдени күнтізбесіндегі негізгі оқиғалардың біріне айналды. Менің ойымша, біздің мұражай тек ғылыми, білім беру орталығы ғана болып қоймай, демалыс орны да бола алады», деді ҚР Орталық мемлекеттік мұражайдың директоры Нұрсан Әлімбай. Оның айтуынша, мұражайлар күні мерекесі тек мұражай қызметкерлерінің мерекесі болмауы керек, мәдениет институты кімге қымбат, кімге жақын және Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау қажет екендігін түсінетін әрбір адамның мерекесі болуы қажет.
Директор сонымен қатар, «Бүгін әрбір 300-ші келушіге арнайы сыйлығымыз бар» деп атап өтті.
Сағат 17.00-де басталған шарада барлық қонақтарға мұражайдың көрме залдарына тегін экскурсиялар жүргізілуде. Орта залда Ескендір Хасанғалиев, Тамара Асар, Мәдина Садуақасова, Нұрлан Еспанов сынды өнер жұлдыздары, «Ақ Маржан», «Салтанат» би ансамблі, украин, түрікмен, күрді ұлттық- мәдени орталықтары, «Асыл әжелер» хоры және тағы да басқа көптеген әншілер мен бишілер өнер көрсетуде. Батик, керамика бойынша келушілерге арналған шеберлік дәрістер де жұмыс істеуде. Сонымен қатар, қол өнер жәрмеңкесі өтіп жатыр.
Шара аясында Темір Бегімбетовтың жеке көрмесі ашылды. Сонымен қатар, мүсінші Тілеуберді Бинашев өз туындыларын мұражайға сыйға тартты. Сондай-ақ «Қазақфильмнің» жаңа туындылары жұртшылық назарына ұсынылуда және бірнеше кітап дүкендері өз жаңа өнімдерін жұртшылыққа таныстыруда.
Шараны еліміздің 20-дан астам компаниялары қолдаған.
Алғаш рет бұл акция 1997 жылы Германия мұражайларында өткізілген. Одан кейін Еуропаның және Ресейдің барлық мұражайлары өткізе бастаған.
Мәдени шара түнгі Алматыға экскурсия жасаумен аяқталады.