Алматыда мұз көшкіні жүру қаупі сақталады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтарға мұз көшкіні туралы ескерту жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметіке сәйкес, алдағы тәуліктерде Алматы өзендерінің арналарына жақын жерде мұзды су тасқыны, мұз көшу қаупі сақталады.
«Ауа температурасының төмендеуіне байланысты өзендерде мұз қабаттары пайда бола бастайды. Ұзақ уақытқа созылған аяз немесе кенеттен жылыну салдары мұз көшкініне әкелуі мүмкін. Жақын күндері мұз көшкінінің жүру қаупі сақталады. Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына Қарғалы, Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы және тағы басқа өзен арналарынан алыс болуға шақырамыз», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ инженерлік-инспекторлық құрам қаланың су айдындары мен өзен арналарына мониторинг жүргізуде. Әуежай, Қайрат, Шестуха көлдерінде демалушылар анықталған жоқ. Бұл бағытта жұмыс барлық аудандарда жүргізіледі.
Алматы қаласының аумағында қыс мезгілінде қауіп төндіретін 10 су айдыны бар.
Еске салайық, 13 желтоқсан күні Алматыда ауа температурасының ауытқуына байланысты мұз көшіп, Есентай өзенінің жағалауындағы қоршауды бұзып кеткен болатын.