Бұл үшін музей ауласы мерекелік сипатта сәнді етіп безендірілді. Ауланың төр жағына кішігірім сахна жасалды, ал оның қасына қойылған үлкен жарнамалық тақтаға кеңес заманындағы плакаттар, кино-концерттік афишалар жапсырылды.
«Біз биылғы шараны өзіндік бір ретро стилінде ұйымдастыруды жөн көрдік. Мұнда ең алдымен Жүргенов атындағы өнер академиясы, Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің студенттерінің қатысуымен концерт болады. Онда халық әндерімен қатар, Димаш ағаның сүйіп тыңдайтын әндері, кеңестік кинофильдердегі әндер шырқалады. Биші қыздарымыз мың бұралып, әр түрлі ұлттық билерді орындаса, болашақ цирк артистері де өз өнерлерін паш етеді. Бұған қоса, өткен ғасырдың 50-60-шы жылдарындағы стильде мерекелік ретро-дискотека ұйымдастырылады. Шараға қатысты декорацияларды өз күшімізбен жасадық», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Д. А. Қонаев музейінің жетекшісі Лаура Бейсекова.
Сонымен қатар, ол бүгінгі шара барысында кешкі сағат 19:30-дан 23:30-ға дейін музейдің екінші қабатында Дінмұхамед Ахметұлының жақын туыстарының қатысуымен, келген қонақтарға шай берілетіндігін айтты.
«Бұл кездесуге Димаш ағаның қарындасы Роза Ахметқызы, немере қарындасы Жаннет Дәулетқызы және немере інілері келіп, Димаш ағаның өмірі мен қызметі туралы әңгімелейді. Мұндай басқосудың жастарға берер тәрбиелік мәні өте зор деп білем. Өйткені, кезінде ел басқарған Димаш Ахметұлы Қонаев үлгі тұтарлық ұлы тұлға. Мен өз басым Димаш ағаны уақыт өткен сайын жаңа қырынан танып, тәнті болып жүремін», - деді Л. Бейсекова.
Айта кетелік, бұл кешкі шайға алдын ала жазба бойынша тіркелген қонақтар қатыса алады.
Ал жалпы, мерекелік шара барысында келушілердің легіне қарай музейге экскурсия жасалады және Димаш Ахметұлы жайлы арнайы сұрақ-жауап байқауы ұйымдастырылады. Онда жеңіп шыққандарға музей қызметкерлерінің дайындаған сыйлықтары табыс етіледі.
Бүгін Д. Қонаев музейіндегі Музей түні шарасы түнгі сағат 23:00-ге дейін жалғасады. Оны тамашалауға 1 000-нан астам адам келеді деп күтілуде.
Қазір мерекелік шара одан әрі жалғасып жатыр. Ол кешкі сағат 18:00-де басталды.