"Дарын" республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан семинарға еліміздің барлық аймағынан, мамандандырылған музыка және өнер мектептерінен келген 300-ден аса мұғалімдер қатысуда.
Екі күн болатын семинар барысында музыкалық және хореографиялық білім берудегі ғылыми-әдістемелік мәселелер, оқу үдерісінің сапасы мен тиімділігін арттыру, оқытуды жетілдіру, сапасын көтеру, жағдай жасау, мәдениет және өнер саласындағы дарынды балаларды оқыту әдістерін ұйымдастыру және мазмұны төңірегінде өзекті мәселелер талқыланбақ. Шара барысында РММОМИ және А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің жетекші педагогтары шеберлік сыныптар өткізетін болады.
"Біздің "Дарын" орталығының мақсаты - дарынды балаларды іздеп туып, жұмыс істеу. Елімізде дарынды балалар көп, музыка саласында да жетерлік. Олар еліміздегі дарынды балаларға арналған мектептерде оқуда. Елімізде ондай мектептер 107 болса, қазір оның саны артып отыр, 116-ға жетті", -деп атап өтті "Дарын" республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Ділдәш Битуова.
Оның айтуынша, дарынды балаларды оқытатын ұстаздарды шынықтырып, білімін жетілдіріп отыру қажет. "Пән бойынша ол жолға қойылған, ал музыка, өнер жағы дұрыс жолға қойылмай отыр. Бүгінде Қазақстанда музыка, өнер мектептерінің саны 300. Соның ішінде ең үздік музыка мектеп осы - К.Бәйсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектебі болып табылады. Сондықтан бұл жерді бұл саладағы барша ұстаздарға арналған әдістемелік-методикалық көмек беретін орталық жасауды жоспарлап отырмыз. Өйткені, қазіргі уақытта музыка, өнер мектептеріне арналған әдістемеліктерді, оқулықтарды іріктейтін қажеттілік туып отыр, керек емесін, жәрамайтынын алу керек. Министрлікте сараптайтын мамандар жоқ. Ал, бұл орталықта құрылатын Кеңес осы жұмыстармен айналысып, сараптап, бағдарламалар жасайтын болады",-деді ол.