Алматыда «Мысль» журналының 90 жылдығына арналған шара ұйымдастырылды

Ы. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Мысль» журналының 90 жылдығына арналған «Қазақстандық қоғамдағы ақпараттық үрдістер: қоғамдық-саяси баспасөздің қалыптасуы мен дамуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

1992 жылдан бастап «Мысль» атымен шыға бастаған журналдың тарихы 1920 жылдың қыркүйек айынан басталады. Ең алғаш «Қазақстан Большевигі» деген атаумен шыққан журнал өзінің 90 жылдық тарихында «Қазақстан коммунисі», «Қазақстанның партиялық өмірі» аттарымен жарық көріп тұрды. Мыңға жуық нөмірі шығып, 20 мыңнан астам материалдар жарық көрген журналды әр жылдары Ф.А.Савинский, М.Ф.Жуланов, Б.А.Бучкин, А.Хафизов, В.С.Молотов, Ф.П.Боярский, А.М.Логинов, Ф.П.Михайлов, А.И.Артемьев, Г.М.Шестаков, А.С.Қалмырзаев сынды қарымды қаламгерлер басқарды. Қазіргі таңда Сейдахмет Құттықадам басқаратын журнал «Қазақ газеттері» ЖШС-нің құрамында, орыс тілінде, айына 2500 данамен жарық көреді. Негізінен саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени салалардағы үдерістер бағытында тың зертеу мақалаларымен ерекшеленеді.

Конференция барысында белгілі ғалымдар, журналистер, журналистика ардагерлерінің Қазақстандағы қоғамдық-саяси баспасөздің қалыптасуы, ерекшеліктері, болашағы туралы баяндамалары тыңдалды. Болашақта материалдар арнайы жинақ болып жарық көрмек.