Оған кандидат Н.Назарбаевтың Алматы қалалық қоғамдық штабының жетекшілері мен мүшелері, «Қазақстан 2020» Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының мүшелері және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Алматыда сайлау алды кезінде 1285 үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген. Оған 600 мыңнан аса халық қатысқан. «Біз әр ауданда, әр өндірісте халықтың алдында өзіміздің кандидатымыз Н.Назарбаевтың тұғырнамасын халыққа жеткізу үшін осынша игі шаралар ұйымдастырдық. Бүгін сол жұмыстарымыздың қорытындысын шығарып отырмыз»,-деді профессор Рахман Алшанов.
«Бәріңізге белгілі, көптеген партия және қоғамдық ұйымдар «Қазақстан 2020» Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясынына мүше болып кірді. Алда шешуші сәт келе жатыр. Ол - сайлау. Сол себепті, барлық күшті осы бағытқа жұмылдыру керек. Үгіт-насихат кезінде қала тұрғындарының көбі Елбасын қолдайтындарын білдірді. Әсіресе, Н.Назарбаевтың ұстанып отырған саясатын еңбек ұжымдары жақсы қолдап отыр. Алдағы сайлауда біздің кандидат көп дауысқа ие болады деген сенімдеміз»,-деді Р.Алшанов.
«Қазір Қазақстанның экономикасы қарқынды дамып келеді. Біз 126 елге 200 түрлі тауар шығарамыз. Бұл көрсеткіш Еуропаның кейбір елдерінен артық болмаса, кем емес. Ал енді жалпы ішкі өнім кейінгі 10 жылдың ішінде 7 есеге, еңбекақы 5 есеге, зейнетақы 4 есеге көбейген. Білімге бөлінетін қаржы 10 есеге өсті. Ғылымға бөлінетін қаржы 3,5 есеге көбейді. Мұның бәрі елдің экономикасының өркендегенін көрсетеді. Көптеген тұрып қалған завод-фабрикаларымыз қайтадан іске қосылып жатыр. Сондай-ақ, 2010 жылы 1 жылдың ішінде 154 мекеме іске қосылды. Онда 200 мың жұмысшы жұмыс тауып, қазір қосымша жұмыс істеп жатыр. Жалпы қазақстандықтардың бақытты өмір кешуі үшін Елбасы көптеген жұмыстар атқарып отыр. Атқарады да. Сол себепті, 3 сәуір күні алматылықтар өздерінің сайлау учаскелеріне келіп өз үміткерлерін таңдайды деген сенімдеміз»,- деді ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов.