Конкурс құрылтайшысы - Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Қазақ дирижерлік мектебінің дәстүрін сақтап әрі қарай дамыту, дирижерлық өнер аясында жас талантты анықтау және олардың шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік жасау, ұлттық мәдениетіміздің құндылықтарын жаңғыртып, жастарды патриоттылыққа тәрбиелеу, Н. Тілендиевтің қалдырған өшпес мұраларын жаңғыртуға арналған конкурсты жыл сайын ұйымдастыру дәстүрге айналған.
Конкурсқа еліміздің барлық облыстарынан ЖОО студенттері мен дирижерлері қатысады.
Нұрғиса Тілендиев атындағы II республикалық дирижерлар конкурсының қазылар алқасы: ҚР еңбек сіңірген әртісі Айтқали Жайымов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанас Бекентұров, Дінзухра Тілендиева, Әли Алпысбаев, халықаралық конкурстардың лауреаттары - Айдар Абжаханов және Мұхтар Қалдаяқов.
Конкурс екі кезең бойынша өткізіледі. І және ІІ кезеңдерде қатысушылар берілген шығармаларды Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Қазақ мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрі және Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филормониясының мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрлерінің сүйемелдеуімен орындайды.
Конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі және Гала-концерт 5 мамырда өтпек.