12:07, 25 Мамыр 2009
Алматыда «National Business Forum Spring 2009» бизнес форумы басталды
АЛМАТЫ. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Дәурен Жайлин/ - Алматыда бүгін «National Business Forum Spring 2009» форумы басталды. Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметовтың төрағалығымен өтіп жатқан форум жұмысына 200-ге жуық адам қатысуда,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Форумды өткізудегі мақсат - Үкіметтің қысқамерзімдік тұрақтандыру бағдарламасы мен ортамерзімдік дағдарысқа қарсы стратегиясының негізгі элементтері мен идеологияларын анықтау және талқылау, қазақстандық бизнестен, мемлекеттік басқару мен гуманитарлық саладан сарапшылар тобын жасақтап, олардың қарауына күнтәртібіндегі өзекті мәселелерді ұсыну, Үкімет жанындағы Дағдарысқа қарсы кеңестің жұмысын күшейту болып табылады. Қазіргі күндегі негізгі және басты мәселе, ол экономикадағы қаржылық тапшылық. Біздің жасап отырған тұрақтандыру үлгіміз - қаржы құралдарының экономикадағы қиындықтан шығу жолдарымен жұмыс жасауға негізделген, дейді шараны ұйымдастырушылар .Форум жұмысының қорытындысы бойынша ағымдағы қаржы-экономикалық тұрақтандыру жөніндегі іс-қимылдарға, дағдарысқа қарсы ортамерзімдік стратегияға және мемлекеттік аппаратты, жекеменшік сектор мен әлеуметтік саланы жүйелі қайта құрудың ұзақмерзімдік үлгісіне негізделген қарар қабылданады.