Алматыда Наурыз мерекесіне орай «Мыңжылдық мереке» бағдарламасы әзірленді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда Наурыз мерекесі ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығы аясында атап өтіледі. Осыған байланысты «Мыңжылдық мереке» бағдарламасы қаланың барлық сегіз ауданын қамтитын болады, деп хабарлады бүгін Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен.

Сонымен аудандық мерекелер мына мекенжайлар бойынша ұйымдастырылады: 

- Алатау ауданы - 22 наурыз, таңғы сағат 10:00. Аудан әкімдігі алдындағы алаңда.

Алмалы ауданы - 22 наурыз, таңғы сағат 11:00. Астана алаңы.

Әуезов ауданы - 22 наурыз, таңғы сағат 10:00. Момышұлы көшесі (Шаляпин көшесі мен Абай даңғылының аралығы).

- Бостандық ауданы - 22 наурыз, таңғы сағат 11:00. «Мега» сауда ойын-сайық орталығының алды.

- Жетісу ауданы - 22 наурыз, таңғы сағат 11:00. «Максима» сауда ойын-сауық орталығының алды.

- Медеу ауданы - 22 наурыз, таңғы сағат 11:00. Оқушылар сарайының алды.

- Түркісіб ауданы - 22 наурыз, С. Сейфуллин атындағы саябақ.                                           

- Наурызбай ауданы - 22 наурыз, таңғы сағат 11:00.  №188-ші мектептің алдындағы алаң.

Ал Алматыдағы негізгі жалпықалалық Наурыз мерекесі «Мыңжылдық мереке» деген атаумен «Астана» алаңында 22 наурыз күні таңғы сағат 10:00-ден 21:00 сағатқа дейін тойланады. Бұл күні алаң 7 тақырыптық аймаққа бөлінеді. 

Ауданы 1000 шаршы метрлік сахна үш деңгейлі сахналық планшеттен және LED-экраннан тұрады.

LED-декорацияның кескіні бойынша тау сілемдеріне ұқсас болады.   

Негізгі сахнадан басқа, алаңда киіз үйлер, қостар тігіледі, сондай-ақ, орталық шатыр, киіз төселген ойын алаңдары, арқан бойымен жүретіндерге арналған алаңдар, спорт алаңдары, көрермен трибуналары, жалаулар ілінетін құрылымдар, сондай-ақ, «торсық», «шамдал», «тайқазан», «мүшел», «наурыз», «бағана» секілді кіші архитектуралық пішіндер,  қоғамдық тамақтандыру орындары, жеңіл шатырлық құрылымдар жасалады.  

ҚБТУ ғимаратының маңдайшасы театрдың порталды аркасы ретінде жасалып, «Қарғалы диадемасы» деп аталатын сақтық өрнектермен безендіріледі.

Абылай хан даңғылы бойында балаларға арналған балалар алаңы жасалады. Онда анимторлар, қазақ ертегілерінің кейіпкерлері болып киінген әртістер өнер көрсетеді.

ҚБТУ ғимаратының сол жақ қапталы цирк аймағы ретінде пайдаланылады. Мұнда Қазақ мемлекеттік циркінің әртістері мен Өзбекстаннан келген арқан бойымен жүруші әртістер өнер көрсетеді. Этно-ауыл аймағында 20 киіз үй тігіледі. Олардың әрқайсысында алматылық театрлардың әртістері келушілерді қазақ халқының салт-дәстүрлерімен танстырады.

Одан басқа, «Астана» алаңында60 шатырдан құралған шеберлер жәрмеңкесі   орналасады.

Төле көшесінің бойында (Панфилов пен Фурманов көшелерінің аралығы) орналасқан спорт аймағында «Асық ату», «Жамбы ату», «Арқан тартыс», «Қол күрес»,  «Тоғыз құмалақ», «Қазақша күрес» сынды ұлттық спорт ойындары, «Көкпар тарту» сияқты ұлттық ат ойындары өтеді.

Мерекелік сауда аймағы 20 шатырдан тұрады,  мұндағы сауда нүктелері Панфилов көшесінен басталып, Казыбек би көшесінен Төле би көшесіне дейін жалғасады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, концерттік бағдарламаның әр бөлігі нақтылы бір тақырыпқа  арналады. Олар Алматының мемлекеттің қалыптасуындағы алатын ерекше орнынан, қала тарихынан, мәдениет пен ғылымнан сыр шертетін болады.

Бұлардан өзге  мерекелік бағдарламаға «Көрісу» флешмобы мен «Шүлен тарту» атты интерактивті сахна да енген.

Қазіргі кезде қалалық мерекелік безендірудің монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Қаланың жалпы тұжырымдамасына сәйкес, сыртқы жарнама нысандарына 60 тақырыптық билбордтар орнатылады. Мегаполистің орталық көшелері: әл-Фараби даңғылы, Фурманов көшесі мен Шығыс айналма тас жолы жарықдиодты кронштейндермен, аркалармен безендіріледі. Кіші архитектуралық  формалар Республика және Астана алаңдарына, ҚР Тұңғыш Президентінің саябағына орнатылады.  

22 наурыз күні сағат 15.00-де Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында жақын және алыс шетел ақындарының  қатысуымен «Мың жасаған шаһар»  атты Халықаралық ақындар айтысы өтеді.