Алматыда Наурызбай ауданының тұрғындарына ауыз су автоцистерналармен жеткізілуде

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Наурызбай ауданында негізгі сумен қамтамасыз ету көздеріндегі судың жоғары деңгейде лайлануына байланысты, Қарағайлы мен Ақсай өзендерінен су тарту және Ақжар, Таужолы, Құрамыс, Қарағайлы, Тастыбұлақ шағын аудандарына және жартылай Таусамалы шағын ауданына (Жандосов көшесінің жоғарғы жағы) су беру жұмысы уақытша тоқтатылды. Сол себептен, қазіргі таңда Наурызбай ауданының тұрғындарына ауыз су автоцистерналардың көмегімен жеткізіліп жатыр, - деп хабарлайды «Алматы Су Холдингі» МКК баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде Қарағайлы мен Ақсай өзендеріндегі су құрамында сазды қоспалардың деңгейі өте жоғары болып тұр. Сондықтан қазір ондағы су тазартқыш құрылымдар суды лайықты деңгейде тазартуды қамтамасыз ете алар емес. 

Қазір су тасушы автокөліктер мына бағыттар бойынша жүреді:

Таусамалы шағын ауданы:

Иманов, Сейділда, Бектембай, Рысқұлов, Қажымұқан, Сейфуллин, Қарасай батыр көшелері, «Геолог» саяжайлық қоғамы, «Ардагер-5» саяжай қоғамы арқылы,

Құрамыс шағын ауданы:

Сәтбаев, Алатау, Момышұлы, Айманов, Байсейітова, Қалдаяқов көшелері,

Ақжар шағын ауданы бойынша:

Бекешев, Ақбұлақ, Дәулеткерей, Айманов, Ноғайбаев, Жабаев, Мүсірепов, Тарасов, «Ақсай» балалар ауруханасы

Таужолы шағын ауданы бойынша:

Таужолы дүкені маңы, Эдельвейс саяжай қоғамына бұрылатын жер, Наурыз көшесі,

Қарағайлы шағын ауданы бойынша:

№14 бағыттағы автобустың соңғы аялдамасы, Байтерек мейрамханасы, Аққайың, Алатау, ТауЧапай дүкендерінің маңы, Ақбастау спорт кешені, №192-ші мектеп, мешіт (Нәдіров көшесі)

және Достық-Жұмабаев, Тәжиева-Алмалы, Сейфуллин-Ұшырбақиев, Бегайын-Арал, Ақын-Алмалы көшелерінің қиылысы арқылы жүреді.

Қарағайлы мен Ақсай өзендерінде судың бұлыңғырлық деңгейі тұрақтанған соң, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі қайта іске қосылады. 

Айта кетелік, қазіргі таңда қаллалық бюджет қаржысы есебінен су жүргізетін желілер мен ғимараттарды, солардың ішінде Қарағайлы мен Ақсай өзендеріндегі сутазартқыш құрылымдарды қайта қалпына келтіру және жаңаларын салу бойынша жоба-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.