Алматыда «Невада - Семей» қозғалысының отырысы болып өтті

None
АЛМАТЫ. Тамыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Қазақстан мен Жапонияның ядролық апаты қайталанбауы керек» деген тақырыпта отырыс болып өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оны «Невада - Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысы ұйымдастырды. Бұл жиын 6-шы тамыз - Халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыс күніне орай өткізіліп отыр. Оған осы қозғалыс пен басқа да қоғамдық ұйым мүшелері және зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Қазақстан аумағында Семейден басқа да қаншама жерлер радиациямен уланған. Мәселен, Семей облысында 468 жарылыс болса, Батыс Қазақстанға жақын Капустин Яр аумағында 40, Атырау облысы аумағында 17 жарылыс жүзеге асырылған», дейді ұйымның Қарағанды облыстық бөлімінің төрағасы, ғылым кандидаты Марғұлан Хамиев.

55 жылдан бері тамыздың 6-сы мен 10-ы аралығында Хиросима мен Нагасаки қалаларында атом бомбасы құрбандарын еске түсіруге арналған халықаралық конференция өтіп келеді.

1991 жылғы 29-шы тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылған болатын. Бұл күн, сонымен бірге, БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен Халықаралық ядролық сынаққа қарсылық күні болып жарияланған.

«Біз қазір бұрынғы тарихты, мәліметтерді айтумен қатар, оның шешілу жолдарын қарастырғанымыз жөн», деді «Табиғат» қоғамдық ұйымының басшысы Мэлс Елеусізов.

Жиын қорытындысы бойынша резолюция қабылданып, тиісті орындарға жіберілетін болды.