Алматы полицейлерінің хабарлауынша, қылмыстық топ құрамында үш адам болған. Олар Алматы және Алматы облысында көлік ұрлап, сатумен айналысқан.
«35 жастағы ер адам апатқа ұшыраған көліктерді сатып алып отырған. Сосын, Өзбекстан тумасы, бұған дейін көлік ұрлағаны үшін істі болған 53 жастағы ер адам мен оның 54 жастағы «досына» апатқа ұшыраған көліктің түр-формасына ұқсайтын көлікті алып келуге тапсырыс берген. Соңғы екеуі апатқа ұшыраған көлікке ұқсас көлікті ұрлап алып келген соң, гаражда мемлекеттік нөмірлерін ауыстырып сатып отырған», - дейді қалалық ІІД КПБ басшысы Жанболат Зиадин.
Қазіргі уақытта олардың барлығы ұсталып, ҚР ҚК 188 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұрланған көлік заңды иелеріне табыс етілді.