Алматыда нөсер жауынның салдарын жою жұмыстары жалғасуда

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда нөсер жауыннан болған су тасқыны салдарын жою жұмыстары жалғасуда.

Алматы қаласы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алатау ауданында Қарағайлы өзенінің суы арнасынан шығып кеткен. Соның салдарынан Алғабас кентіндегі АЗТМ көшесінің бойын су басты.

Аудан бойынша «Шаңырақ-2» ықшамауданындағы Әулие ағаш, Ысқақов, Марқакөл, Сырым батыр, «Өжет» ықшамауданы бойынша Жиенбаев, «Әйгерім» ықшамауданы бойынша Шұғыла көшелеріндегі және «Жылуэнергетик» саяжайлық қоғамындағы су басу салдары жойылды.

Бұл жұмыстарға 50 адам және 10 техника жұмылдырылды.

Алмалы ауданы бойынша Төле би-Жұмалиев және Жұмалиев-Мақатаев көшелерінің қиылыстары су астында қалды. Бір ағаш құлады. Мұндағы су басу салдарын жоюға 16 адам мен 4 техника жұмылдырылды.

Әуезов ауданы бойынша «Ақсай-1А» ықшамауданындағы нөмірі 31-ші көпқабатты тұрғын үйдің, «Ақсай-2» ықшамауданындағы нөмірі 40-шы көп қабатты тұрғын үйдің, «Достық» ықшамауданындағы Трудовая көшесі 1 мекенжайының ауласын, «Ақсай-4» ықшамауданындағы нөмірі 16-шы көп қабатты тұрғын үйдің жертөлесін су басты. Бұл су басу салдарын жоюға 30 адам мен 6 техника жұмылдырылды. Аудан бойынша 5 ағаш құлады.

Бостандық ауданы бойынша Бағанашыл ықшамауданының Восточная көшесін су басты. Қазіргі сәтте бұл жерде сусорғыш арқылы суды тартып шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған 30 адам мен 7 техника жұмылдырылған. Барлығы 5 ағаш құлады.

Жетісу ауданы бойынша Есентай өзенінің тасуына байланысты, Летняя, Ангарская, Маркелова көшелері бойындағы жеке үйлерді су басты. Сонымен қатар, Уссурийская, 15,17, Сүйінбай даңғылы 70-72. Станиславский көшесі 75,79 мекенжайларын да су басты. Апат салдарын жоюға 90 адам мен 13 техника жұмылдырылды. 3 ағаш құлады.

Медеу ауданы бойынша Жарбұлақ өзенінің тасуына байланысты, Многоводная көшесі бойындағы жеке тұрғын үйлер, Есенберлин көшесі 155, Рубцовская көшесі 14 мекенжайларында орналасқан тұрғын үйлерді де су басты. Апатты жоюға 50 адам мен 7 техника жұмылдырылды.

Наурызбай ауданы бойынша Молдағұлова көшесі 7, 11А, Айболит көшесі, Кеңесбаев көшесі, Қажымұқан көшесі 30 мекенжайы,сондай-ақ, Таусамалы ықшам ауданындағы бақшалық аумақтар су астында қалды. Бұл апат салдарын жоюға 40 адам мен 10 техника жұмылдырылды.

Ал Түркісіб ауданы бойынша Жансүгіров-Жұмабаев, Бекмаханов көшесі 64-68, Коммунаров көшесі 1 мекенжайларын су басты, сондай-ақ, Басқарасу өзенінің тасуына байланысты Домбровский көшесі 6,8, Сейфуллин даңғылы 3, Котельников көшесі 121, Түркістан көшесі 22, Майская утро көшесі 17 мекенжайында орналасқан тұрғын үйлерді су басты. Аудан бойынша 14 ағаш құлады. Бұл апатты жоюға 60 адам мен 10 техника жұмылдырылды.

Айта кетелік, Алматыда 16 мамыр күні кешкі уақытта нөсер жаңбыр жауған еді.