«Бүгін біз 6-шы сайлау округы бойынша кезекті праймериз, яғни алдын ала сайлау өткіздік. Ондағы мақсатымыз - негізгі және резервтік үміткерді анықтау. Бүгінгі праймеризге 3000 мыңнан астам партия мүшелері атынан 34 бастапқы партия ұйымдарының сайлаушылары келіп отыр. Ең көп дауыс алған азаматтар қалалық конференция барысында «Нұр Отан» партиясы атынан қалалық мәслихаттың сайлауына үміткер ретінде ұсынылады», - деді «Нұр Отан» партиясы Алмалы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Найля Ордабаева.
Сайлаушылар жиынының хатшысы болып, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының кеңесшісі Әсел Молдабаева тағайындалды.
Алдын ала іріктеу сайлауына екі үміткер ұсынылды. Олар: Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нүкетаева және қалалық кардиологиялық Орталықтың дәрігер-оташысы Арман Садықов.
Сайлау алдында үміткерлер мен олардың ресми өкілдері сөз сөйледі. Үміткерлер өз баяндамаларында қала экологиясын жақсарту, көлік кептілісін жою, пәтер иелері кооперативтерінің мәселесін шешу, жоғары оқу орындары мен медициналық мекемелердің жұмыстарын жолға қою бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.
Сонымен, жасырын дауыс беру барысында дауыстардың 66 пайызы Д. Нүкетаеваға берілді.
Айта кетелік, Алматы қаласының Алмалы ауданында «Нұр Отан» партиясына мүше - 10 768 адам бар.