Алматыда нысанды дер кезінде аяқтамаған құрылыс компанияларының басшыларына қатысты іс қозғалмақ

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбектің тапсырмасымен қалалық Мемлекеттік сәулет және құрылыс бақылау басқармасы коммерциялық емес мақсаттағы тұрғын үй нысандарының құрылыс барысын тексерді, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Талдау жұмыстары көрсеткендей, көптеген құрылыс компаниялары қарапайым қатысушылардан үлескерлік құрылысы туралы заңнамаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын келісімдер арқылы қаржы тартқан.

Осыған сәйкес басқарма өкілдері қаладағы құрылысы бітпеген нысандардың құрылысын аяқтауды көздейтін арнайы жоспар құрды. Жоспарда үлескерлік құрылыс туралы да заңнама құру мәселесі де қарастырылған.

Сондай-ақ, үлескерлердің күшімен салынатын құрылысты тұрақтандыру ведомствоаралық комиссиясының жұмысын жандандыру қолға алынды.

Аталған комиссияның ұсынымының негізінде Сәулет басқармасы құрылыс компанияларының бірқатар басшыларына қатысты іс қозғауды өтініп, прокуратураға, қалалық ІІД-ға, мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне арыз бағыттады.

Сондай-ақ, қала әкімдігі үлескерлердің қаржысын тарту үшін құрылыс компанияларында арнайы лицензия болу керектігін ескертеді.

Айта кету керек, 2007 жылдан бері басқармада бірде-бір үлескерлік құрылыс компаниясына лицензия берілмеген.

Құрылыс компаниясы үлескерлерге мекеменің атауы мен мекенжайын, жобалау компаниясы туралы мәліметтерді, құрылыс компаниясының құрылтайшысын, жеке тұлғаның аты-жөнін, заңды тұлғаның тіркелуі туралы анықтаманы, соңғы бір жылда жүргізілген аудиторлық тексеру қорытындысын, бұған дейін салынған нысандар туралы ақпаратты көрсету керек.

Сондай-ақ, олар үлескерлерге болашақта бой көтеретін нысанның құрылысы туралы да, жобалық сметалық құжаттамасын, аяқталу мерзімін, бас мердігер туралы мәлемттерді, аталған жер телімінде құрылыс жүргізуге деген рұқсат қағазын көрсетуге міндетті.

«Егер құрылыс компаниясы осы аталған құжаттарды көрсете алмаса, үлескерлер 272-79-25 сенім телефоны арқылы мемлекеттік сәулет және құрылыс бақылау басқармасына хабарласып кеңес алуға құқылы», - деді басқармадан.