Алматыда оқушылар қазақтың батыр қыздарының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әскери патриоттық клубтарының тәрбиеленушілері  Кеңес Одағының Батыры атағын алған Шығыстың қос жұлдызы Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Қалалық Қорғаныс департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл рәсімге майдангерлер мен тыл ардагерлері, №72, 19 мектеп оқушылары, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Олар сұрапыл соғыс жылдарында ерлікпен қаза тапқан миллиондаған жауынгерлерді еске алды.

Департаменттің хабарлауынша, ұрыс даласында мерт болған ҰОС ардагерлерін еске алуға арналған салтанатты жиындар жылына бірнеше рет өткізіледі.

«Орта мектептегі әскери патриоттық тәрбие жұмыстары әскери қызметке даярлауға көмектеседі», - деді әскери патриоттық клубтың тәрбиеленушісі Дидар Ғалымжанов.

«Әскер тарихы - Отан қорғаушылардың ерлігі мен қайтпас қайсарлығының, қазақстандық сарбаздардың айбынының,  туған еліміздің  тұтастығының мызғымас бөлігі», - деді ӘПК әскери жетекшісі Бақытжан Перімбетов.

Алматыда 20 шақты әскери патриоттық клуб бар. Бұл ұйымдарға 8-9-10 сынып оқушылары ерікті түрде мүше болып отыр. Оқушылар клуб базасында бастапқы әскери дайындық курсынан өтеді.

Мұндай клубтарға Алматы қаласының жергілікті әскери органдары жетекшілік етіп, қанат жаюына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.