Алматыда оқушылар тау бөктерінде аяғын сындырып алған әйелді құтқарды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бір топ мектеп оқушылары тау бөктерінде аяғын сындырып, жүре алмай қалған әйелді құтқарып қалды. Бұл туралы бүгін Алматы қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«5 маусымда №19-шы орта мектептің оқушылары - «Киров» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері тауға жасалған есептік жорықтан қайтып келе жатып, тау бөктерінде аяғын сындырып жүре алмай қалған жалғыз әйелді көріп қалады. Оқушылар тез арада оған алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Кейін, 7-ші сынып оқушысы Думан Манапов әйелді көтеріп алып жүру үшін жамылғы плащты зембіл ретінде пайдалануды ұсынды. Осылайша, оқушылар әйелді таудан төмен қарай 2 шақырымдай алып жүреді. Кейін, алдарынан шыққан Төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлеріне әйелді тапсырады. Зардап шеккен әйел көзіне жас алып, оқушыларға шексіз алғысын білдірді», - делінген хабарламада.  

Бұдан кейін, көп ұзамай Төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері балаларға ризашылығын білдіріп, оларды өздерінің жаттығу базасына келуге шақырды. Онда тәрбиеленушілер құтқару қызметі бойынша әр түрлі жаттығулар жасауға мүмкіндік алды.

Қазіргі таңда «Киров» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілерін марапатқа ұсыну мәселесі шешіліп жатыр. 

Ал зардап шеккен әйелдің халі тұрақталды.

Айта кетелік, қаладағы әскери-патриоттық клубтардың қызметіне Алматы қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті жетекшілік жасайды.