Алматыда «Олимпиада күніне» арналған қалалық бұқаралық жүгіру өтеді

АЛМАТЫ. 19 мамыр. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда 21 мамыр күні Астана алаңында «Олимпиада күніне» арналған қалалық бұқаралық жүгіру өтеді.

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті, жеңіл атлетика федерациясының президенті Павел Новиков хабарлады.

Оның айтуынша, бұл күні дәстүрлі түрде жүгіруден жеке және «Анам, әкем және мен» атты отбасылық жарыстар, сонымен қатар 20-40 жас аралығында 2 400 метр қашықтыққа - «Президенттік миль» жүгіруі өткізілмек. «Жарыстарға мүмкіндігі шектеулі спортшылар да қатысатын болады. Бұл шараға барлық қала тұрғындары мен спорт сүйер қауым қатыса алады, сондықтан бәрін денсаулық пен қуаныш сыйлайтын спорттық шараға қатысуға шақырамыз», -деді ол. Оның айтуынша, бұқаралық жүгіруге 10 мыңнан аса спорт сүйер қауым қатысады деп күтілуде.

«Дүниежүзілік Олимпиада күні» - Халықаралық Олимпиада комитетінің шешімімен 1948 жылдан бері өткізіліп келеді. Сол жылдан бастап бұқаралық спорттық шараларды өткізу Олимпиада қозғалысының дәстүріне айналды. Алғашқы акция 1948 жылдың 23 шілде күні өтті. 1987 жылдан бұл шараға «Олимпиадалық жүгіру күні» деген атау берілді.