Тұсаукесер рәсімі Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында өтті. Шараға белгілі өнер, қоғам қайраткерлері, студенттер, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов танымал ақын, қоғам қайраткері, Еңбек Ері Олжас Сүлейменовты жаңа туындының шығуымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайының директоры Гүлмира Шалабаева «кітаптың авторы әрі демеушісі «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, ал баспагері Берік Барысбеков» екенін атап өтті.
«Бұл туындыдағы әр өлең ағылшын тілінде жазылған, себебі, әлемді қазақ халқының мәдениетімен таныстыру керек болды. 2000 данамен басылып шыққан кітап дүниежүзіне тарап кетті. Сондай-ақ, әр өлең суретпен бірге берілген. Мұндағы мақсат- оқырманның сана-сезімін оятуға арналды. Мұнда Салихитдин Айтбаев, Евгений Сидоркин, Досбол Қасымов, Мейіржан Нұрғожин, Николай Газеевпен басқа да түркітектес елдердің суретшілерінің еңбектері жинақталған», - деді Гүлмира Шалабаева.
Баспагер Берік Барысбеков кітаптың Олжас Сүлейменовтың 85 жылдығына орай шығарылғанын айтты.
«Жарыққа шығарарда Олжас Сүлейменовпен көп ақылдастым. Біз оған кітаптың макетін ұсынғанда қатты қуанды. Сонымен қатар, бұл автордың өзі алғысөзін жазған жалғыз туынды», - деді баспагер.
Олжас Сүлейменов өз сөзінде «ТҮРКСОЙ» ұйымының елдер арасында татулықты орнатуда еңбегі үлкен екенін атап өтті.
«Баспагер Берік Барысбеков еңбегі арқылы қазақтың, шығыстың әйгілі тұлғаларына ескерткіш орнатты десе болады. Әрине, мұндай жұмыстар «ТҮРКСОЙ» қамқорлығымен жасалды. Бұлар осы ізгі дәстүрді жалғастырса деймін. Жалпы, мәдениеттердің жақындасуы «ТҮРКСОЙ»-ды қоса алғанда, ЮНЕСКО мен басқа да әлемдік ұйымдардың мәңгілік тақырыбы болып қала береді», - деді ақын, қоғам қайраткері.