деп хабарлайды «KAZENERGY» қауымдастығының баспасөз қызметі.
Аталмыш конференцияның мақсаты - өндірістік үрдістерді ғылыммен ұштастыру тетігін енгізіп, ғылыми жаңалықтарды игеру. Сонымен қатар, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес жаңа өнімдерді шығару және өндіріс секторында еңбек өнімділігін арттыру механизмін меңгеру.
Конференция жұмысына металлургия және химия өндірісіндегі компаниялар мен KAZENERGY қауымдастығына мүше мұнай-газ компаниялары белсене араласты. КБТУ мен бірнеше өндірістік өнеркәсіптің арасында Меморандумға қол қойылды.
Жиынға қатысушыларға жолдаған сөзінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры төрағасының орынбасары, «KAZENERGY» қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаев: «Елбасы қарқынды индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын бекітті және бүгінгі конференция сол бағдарламаны іске асырудағы қадамның бірі. «Самұрық-Қазына» қорына кіретін компаниялар үшін де, жалпы бизнес қауымдастық үшін де бұл бағдарлама екі бағытта еңбек етуге негіз болып отыр. Біріншісі - өндіріс секторында еңбек өнімділігін арттыру, екіншісі - жаңа өнім түрлерін шығару.
Бұл мақсатқа жету үшін өндіріске технологиялық жаңалықтарды енгізіп, өнеркәсіп пен ғылымның арасын жақындата түсу керектігі анық. Заманауи ғылыми жаңалықтарды меңгермейінше, өнеркәсіпті диверсификациялап, елдің бәсекелестігін арттыру мүмкін еместігін жадымыздан шығармағанымыз абзал.
А.Б. Бектұров атындағы Химия ғылымдарының институты мен Д.В. Сокольский атындағы Органикалық катализ және электрохимия институтының КБТУ құрамына кіргенін ескерсек, біз ғылыми жаңалықтың өндіріске енгізілу үдерісін тездетеміз. Ендігі мақсатымыз - осы бастаманы жаңа деңгейге көтеру, ол үшін Қор тарапынан қажетті қаржылық көмек көрсетіледі. Институттарымызды қайта жаңғырта отырып, біз олардың әлеуеті мен экономикаға әкелетін пайдасын арттырамыз.
Осылайша, тек бірлескен жұмыс арқылы ғана өнеркәсіптер мен ғылыми институттар индустриялық-инновациялық дамуға қол жеткізе алады»,- деп атап өтті өз сөзінде Тимур Құлыбаев.