Музей директоры Хасен Қожа-Ахметтің айтуынша, бұл идеяның авторлары музыкатанушы Жарқын Шәкәрім, сыбызғышы Талғат Мұқышев, әнші-жыршы Ақан Әбдуәлі секілді дәстүрлі өнер жанашырлары. «Өнер» халықтық қоғамдық университетінің мақсаты мен міндеттері: өз тыңдаушыларына мәдени-эстетикалық тәрбие беру; Ұлттық салт-дәстүрді, өнерді, озық мәдени құндылықтарды насихаттау; Ел ішіндегі халық таланттарының шығармашылығын шыңдауға, оларды халыққа кең түрде насихаттау.
«Өнер» халықтық-қоғамдық университетінің құрылтайшылары Ықылас атындағы музыкалық аспаптар мұражайы мен үйлестіру кеңесі мүшелері болып табылады. «Өнер» халықтық университеті өз қызметін «Мәдениет туралы» Заң және «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актісі негізінде, сондай-ақ үйлестіру кеңесінің жұмыс жоспары бойынша атқарады. Халықтық университеттің жұмыс жоспары үйлестіру кеңесінде талқыланып, бекітіледі. «Өнер» халықтық университетінің басқарушы органы Үйлестіру кеңесі. Оның жиыны үш айда бір рет және қажет деп тапқан жағдайда мезгілінен бұрын шақырылады. Ақан Әбдуәлі төрағалық ететін Үйлестіру кеңесіне Рамазан Стамғазиев, Саян Ақмолда, Еркін Шүкіманов, Ұлжан Байбосынова, Талғат Мұқышев, Айтберген Құлментегі, Мұрат Әбуғазы, Гүлнұр Өмірбаева, Самал Дәрібайұлы мен Жасұлан Базарбеков сияқты азаматтар мүше боп сайланып отыр.