Алматыда өнеркәсіп өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,8 пайызды құрады -Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бастығы

АЛМАТЫ. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда дағдарысқа қарсы бағдарлама алғашқы жартыжылдықта 51 пайызға орындалды. Оны Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Лариса Васильева бүгін алғашқы жартыжылдықтың қорытындысына арналған қалалық әкімдіктегі алқалы жиында айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Қаланың дағдарысқа қарсы бағдарламасы бойынша 112 миллиард теңгенің жобалары жүзеге асырылып жатыр. Жартыжылдықтың қорытындысына қарағанда 57,6 миллиард теңгенің жұмысы жасалды. Жоспарланған көлемнің 51 пайызы орындалды. 18 мың адам жұмыспен қамтылып, тауар мен қызмет түрлерін сатып алуда қазақстандық қамту 80 пайызды құрады. Салық түрінде жоспарланған соманың 50 пайызы төленді", дейді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Лариса Васильева. Оның айтуынша, шаһардың "Жол картасы" бағдарламасы бойынша 10,5 миллиард теңгенің 240 инвестициялық жобасы жоспарланған. Онда 12 мың адамды жұмыспен қамтып, 4 мыңнан астам адам қайта дайындықтан өткізілмек. Қазір 9,7 мың жұмыс орны құрылып, 1378 адам қайта дайындықтан өткізілді.

"Өнеркәсіп өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,8 пайызы құрады. Негізгі өсім өңдеу саласында тіркеліп, ол 28,7 пайыз болды. Тамақ өнімдерін өндіру 1,8 есе, тігін бұйымдары 2,4 есе, қағаз өнімдері 3,2 есе және құрылыс материалдары 33 пайызға ұлғайды", дейді Лариса Александрова. Басқарма төрағасының сөзіне қарағанда пластмасса өнімдері мен электроника өнімдерін өндіруде сұраныстың төмендеуіне байланысты өндіріс көлемі төмендеген. Шілденің 1-інде қалада 2 кәсіпорын өз жұмысын тоқтатып, 8 кәсіпорын жарым-жартылай ғана жұмыс жасауға көшті. Өткен айда олардың саны 6 болатын.