Алматыда онкологияға қатысты ең үздік журналистік жұмыстарға байқау жарияланды

АЛМАТЫ. 22 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда онкологияға саласына қатысты «Өмір сүру құқығы» атты ең үздік журналистік жұмыстарға байқау жарияланды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында хабарланды.

Байқауды ұйымдастырушылар - ҚР Денсаулық министрлігінің Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мен швейцариялық Хоффманн -Ля РОШ фармацевтикалық компаниясының Қазақстандағы өкілдігі.

Аталмыш шараны ұйымдастырушылар әлеуметтік жоба онкология саласындағы шынайы және бейкоммерциялық ақпаратқа мүмкіндік ашып, бүкіл қоғамның игілігіне қызмет ететініне үміт артады.

Байқау сыйлығына үш аталым бекітілді: «Басылым бетіндегі ең үздік материал үшін», «Үздік телевизиялық материал үшін», «Радиоэфирдегі немесе Интернет басылымындағы үздік материал үшін». Бас жүлдеге - 150 мың теңге, екінші орынға - 75 мың теңге, ал үшінші орынға - 30 мың теңге тағайындалды. Жүлдеге ілікпеген қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады. Комиссия жарияланған материалдарды 2010 жылдың 1 қаңтарынан, 2011 жылдың 31 желтоқсанына дейін қарайтын болады. Сыйлықтың лауреаттарына дипломдар 2012 жылдың 31 наурызында беріледі. Қойылатын басты талаптар - өзектілік, бұрын-соңды көп көтерілмеген тың, әрі соны ақпараттарға ие тақырыптар болуы шарт.

«Байқаудың негізгі міндеті - онкология саласындағы мәселелерді көтеру, қалып қойған проблемаларды анықтау, кемшін тұстарын, жеткен жетістіктерді айту, пікірлер білдіру болып табылады. Жоба жеке денсаулық, балалар денсаулығы, онкологиялық ауруларды ерте анықтау, қатерлі ісік ауруына шалдыққан науқастардың өмір сүруі деңгейін көтеру, ұлт денсаулығын жақсарту сынды әлеуметтік-медициналық құндылықтарға бағытталған», - деді байқаудың комиссия төрағасы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Жеткерген Арзықұлов.

«Бүгінгі күні онкология саласындағы ғылыми-танымалды және ағартушылық ақпаратқа деген сұраныс көп. Осыған орай, ел халқына, медицина қызметкерлері мен зерттеушілерге лайықты ақпараттық қызмет көрсету сұранысы туындайды. Қазіргі уақытта жұртшылықтың, қоғамның осы бір өте маңызды тақырыпты дұрыс түсініп, қабылдауында баспа, радио, телевидение және Ғаламтор басылымдарындағы журналистердің қосар үлесі зор», - деді ҚР журналистер академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру Ұлттық орталығының бас директоры Сәуле Диқанбаеваның айтуынша, адамдардың өмір салтын өзгерту, алдын-алу және скрининг стратегияларын жетілдіру сияқты шаралар қатерлі ісік ауруларының 40 пайызға дейін алдын алуға мүмкіндік береді. «Елбасы салауатты өмір салтын ұстану қажет екендігін әр Жолдауында айтады. Бұған халық баса назар аудару қажет. Бүгінгі таңда мемлекет, институт тарапынан онкологиялық ауруларға байланысты көп жұмыстар жасалуда, арнайы бағдарламалар да бар. Осы сынды бағдарлама АҚШ-та 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Соның нәтижесінде ол елде онкологиялық аурулардың көрсеткіші 40 пайызға төмендеді. Журналистер қауымы осы жұмыстарды да назардан тыс қалдырмаса екен», - деді ол.