Спикердің сөзінше биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Алматы онкологиялық орталығында 10,5 мың науқас ем алған, өткен жылы 6 айда 9,5 мың науқас болды. Мұндай көрсеткіш 2016 жылдың соңында тіркелсе, бүгінде 6 айдың ішінде жетіп отыр.
«Қазірдің өзінде қалалық онкологиялық орталықтың хирургиялық бөлімшелерінде 1500-ден астам хирургиялық ота жасалды. Олардың көпшілігі оңалту уақытын қысқартуға және лапароскопияны қолданатын бірегей жоғары технологиялық заманауи гинекологиялық, маммологиялық, кеуде қуысына жасалатын, абдоминальды, урогенитальды оталар. Оларды шағын инвазивті технологиялар десе болады, бұрын мұндай оталарды жасату үшін біздің азаматтар шетелге баратын. Алматы онкологиялық орталығы Қазақстандағы ашық және лапароскопиялық ота жасайтын клиникалардың бірі. Бұл үшін орталықта барлық қажетті медициналық құрал-жабдық бар», – дейді дәрігер.
Нұрсұлтан Ізмағамбетовтың айтуынша, Алматы онкологиялық орталығы қатерлі ісігі бар науқастарға мамандандырылған медициналық көмектер, атап айтқанда, жоғары технологиялық медициналық қызметтер (хирургиялық емдеу, ісікке қарсы препараттармен емдеу, сәулелік және иммундық терапия, психологиялық және әлеуметтік көмек) көрсетіледі.
«Алматы онкологиялық орталығында 9 мыңға жуық науқас химиотерапиялық ем алды, радиология бөлімінде 10 мыңнан астам сәулелік терапия сеансы жүргізілді. Орталықтың амбулаторлық химиотерапия кабинетінде 5 мыңға жуық науқас амбулаторлық ем алды. Қатерлі ісікке күдікті науқастар мен онкологиялық науқастар үшін 300 мыңнан астам КТ, МРТ, эндоскопиялық және цитологиялық зерттеулер, ультрадыбыстық, ИГХ және т.б. диагностикалық зерттеу жүргізілді», - деді Нұрсұлтан Ізмағамбетов.
Ол елімізде тегін скринингтік тексерулер жүргізілетінін, сондай-ақ, уақытылы профилактикалық тексеруден өтіп тұру керек екенін еске салды.
«Себебі, қатерлі ісік неғұрлым ерте анықталса, толық емделу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады», - деді ол.