Алматыда Оңтүстік Қазақстан және Алматы облысының азаматтарынан құралған қылмыстық топ қолға түсті

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Алматыда Алматы және Оңтүстік Қазақстан облысының азаматтарынан құралған қылмыстық топ қолға түсті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қалалық  ІІД-нің криминалды полиция басқармасы қызметкерлерінің 3 айлық  жұмыстарының нәтижесінде аталған қылмыстық топтың кісі тонау мен өлтіру, ірі қарулы шабуылдар жасауға қатыстылығы анықталған. Сондай-ақ, бұлар арқылы Оңтүстік аймаққа ұрланып әкелінген автокөліктерді онан әрмен өткізу мен сатудың арналары мәлім болған.

«Осы қылмыстық топтың мүшелері қайда бой тасалағанын анықтау үшін жедел іздестіру шараларын жүргіздік. Нәтижесінде таңғы бес шамасында жедел топ «Арлан» арнаулы жасақ сарбаздарымен  шағын ауданда орналасқан элиталық жекежайда жайғасқан 11 адамды қолға түсірдік. Ол жерден көп мөлшерде қару, оқ-дәрілер, кісендер, оқсауыттар мен көптеген жабдықтар табылды» - дейді қала полициясының басшысы Ерлан Тұрғұмбаев.

Оның айтуынша, қолға түскендердің барлығының Алматыда тұрақты табысы болмаған. Бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Атап өтерлігі, топ мүшелері әр қылмысқа тиянақты дайындалған. Сол себепті олар қылмыс ізін жасырып кетіп отырған. Тергеу олардың өзге де ашылмаған қылмыстарға қатыстылығын тексеруде. Қазіргі кезде тәркіленген қарулар баллистикалық сараптамаға жіберілген.