Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуінің бірінде қала тұрғындары аталған жер учаскесін мемлекеттік меншікке алу және саябаққа абаттандыру жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы бастама көтерген болатын.
«2022 жылғы 5 қазанда Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен жер учаскесін мемлекет қажеттілігіне қайтару жөніндегі әкімдік талабы қанағаттандырылды, өтемақы сомасы 2 338 817 000 теңге мөлшерінде айқындалды (сарапшылардың 2022 жылғы 21 қыркүйектегі № 5386 қорытындысына сәйкес).
2022 жылғы 22 желтоқсанда Алматы қалалық соты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.
2023 жылғы 13 қаңтарда өтемақы сомасы «Jusan Property» ЖШС-ға аударылды»,- деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Қазіргі кезде Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы «Оңтүстік» саябағын абаттандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу құжаттарын дайындап жатыр.
Еске салсақ, 2007 жылы Бостандық ауданындағы Си Синхай көшесінің оңтүстігінде, Жароков көшесінің шығысында (кад. № 20-313-011-518) жер телімі көпқабатты тұрғын үй салу және пайдалану үшін «Turkuaz Invest» ЖШС жеке меншігіне берілген болатын (Алматы қаласы әкімдігінің 08.11.2007 ж. №9/1097-39 қаулысы). Кейін учаске «Jusan Property» ЖШС-ға берілді.