14:39, 09 Маусым 2009
Алматыда өркениеттер диалогы туралы халықаралық конференция өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда «Тарихи-мәдени мұраның өркениеттер диалогындағы рөлі» деп аталатын халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Біздің басты мақсатымыз - «Мәдени мұра» ұлттық жобасын халықаралық дәрежеде насихаттау, Қазақстан негізінде өркениеттер диалогының ара-қатынасын және түркі-славян қоғамдастығының өткені мен бүгінін жан-жақты сараптау. Бұл конференцияны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті мен Мәдени саясат және өнертану институты «Өркениеттер диалогы» әлемдік қоғамдық форумымен бірігіп ұйымдастырып отыр. Оған Австрия, Қытай, Өзбекстан, Швейцария сияқты алыс та жақын шет елдерден қонақтар келді», - дейді Мәдени саясат және өнертану институтының директоры Ерлан Саиров. Екі күндік бұл алқалы басқосу кезінде мәдениеттанушылар, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері, тарихшылар, әлеуметтанушылар, тіл мамандары, өнер зерттеушілері және өзге де ғылым салалардың өкілдері күн тәртібіндегі мәселені үш секция мен дөңгелек үстел мәжілісінде арнайы талқыламақ. Секциялар - «Мәдени диалог ? Еуразия кіндігінен көзқарас», «Еуразия қазіргі заманғы ауқымды экономикалық жағдайлар қарсаңында» «Тарихи диалог ? достық және мәдени қарым-қатынасымыздың өркендеу жолы» деп аталады. Ал дөңгелек үстел жиыны «Мәдени мұра» ұлттық бағдарламасы - Еуразияның инновациялық әлеуметтік-гуманитарлық жобасы» деген тақырыппен өтпек.