Алматыда орман шаруашылығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

ЛМАТЫ. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда орман шаруашылығының жай-күйіне арналған «Нарықтық қатнас жағдайында орман шаруашылығын және ауыл шаруашылығының ерекше қорғалатын аумақтарын инновциялық дамыту» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конференция Ұлттық аграрлық университеттің 80 жылдығы мен ҚР ҰҒА академигі, белгілі ғалым Сәбит Байзақовтың 80 жылдығына арналды.

«Сәбит Байзақов еліміздің орман шаруашылығының қалыптасуына, мамандарды дайындауда үлкен еңбек сіңірді. 140-тан астам ғылыми еңбек, бірнеше монография шығарды. 3 ғылым докторы, 8 ғылым кандидатын дайындады. С.Байзақов еліміздің орман саясатын жасаған авторлардың бірі», дейді Аграрлық университеттің орман тану және орман шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі, доцент Жайлау Тоқтасынов.

Оның айтуынша, С.Байзақов бүгінде Орталық Азиядағы орман экономикасы ғылымының тұңғыш, әрі жалғыз докторы. Оның еңбектері орман ресурстарын тану, орман таксациясы, орман орналастыру, орман шаруашылығын басқару және орман экономикасына арналған.1991 жылдан бері ҚР Ауыл шаруашылығы академиясының мүше-корреспонденті, Президиумының бас ғылыми хатшысы.

Бүгінгі конференцияға Польша, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстаннан ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары, мамандары қатысып, орман шаруашылығы саласының жай-күйі туралы өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ С.Байзақовтың «Қазақстанның орман шаруашылығының ғылыми-инновациялық басымдылықтары» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.