Алматыда өрт қосалқы электр станциясын істен шығарды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өрттің жалынынан трансформаторлық қосалқы станция зақымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда Қалқаман-2 шағын ауданындағы екі қабатты жеке тұрғын үйдің ауласындағы ғимаратта өрт тұтанғаны туралы хабар сағат 13:00-дер шамасында түскен.

«Өрт сөндірушілердің алғашқы тобы 13:07-де оқиға орнында болды. Онда аулаға салынған ғимарат, монша мен дүкен өртеніп, от жалыны тұрғын үйдің екінші қабатына көшкені анықталды. Сондай-ақ, өрт жұмыс істемей тұрған өндіріс цехының екінші қабатына да тиген. Өрт сөндірушілер жалынды 13:49-да ауыздықтап, 14-02-де толығымен сөндірді», - деді қалалық ТЖД-ның ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова.

Өрт 200 шаршы метр аумақты шарпыған. От қызуынан зақымданған трансформаторлық қосалқы станцияға жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Өрттен адамдар зардап шеккен жоқ.