Алматыда өрт шалған 12 пәтердің жөндеу жұмыстары аяқталды

АЛМАТЫ. 4 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Кеше Алматы қаласы Түрксіб ауданына қарасты «Жұлдыз-2» шағын ауданында пәтерлерін өрт шалған тұрғындар жөндеуден өткен үйлеріне қайта қоныстанды.

Үстіміздегі жылдың 25 тамыз күні аталмыш ықшам ауданда орналасқан №44, №45 үйлердің үстіңгі қабаттарын өрт шалған еді. Нәтижесінде, түгелдей жанып кеткен 12 пәтер толықтай жөндеуге жіберілген болатын. Содан бері 2 ай уақыт ішінде зардап шеккен тұрғындарға түрлі көмектер көрсетілді. Күнделікті тамақ пен уақытша орналастыру мәселелелерін қала және Түрксіб ауданының әкімдігі қолға алды.

«Біз мұндағы жағдайдың өте ауыр болғанын түсініп, бірден тұрғындардың жағдайын ойладық. Ең бірінші кезекте керекті нәрселерді жеткіздік. Біз пәтерлерді бұдан бұрын-ақ табыс етеміз деп жоспарлағанбыз. Алайда, құрылыс барысы белгілі себептерге байланысты сәл кейінге шегерілді»,- деді Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Таңат Айдарбеков.

Жөндеу жұмыстарын жүргізген «Комснабстрой» ЖШС құрылыс компаниясы барлық жұмысқа 60 млн. теңге жұмсалғанын мәлімдеді. Құрылыстың кейінге шегерілуін олар үй шатырының жаңаша өрнекте салынуымен түсіндірді. Сондай-ақ, тұрғындар үйлеріне қоныстанысымен табиғи газ да пайдаланылуға беріледі деп күтілуде.