Алматыда Орта Азия әскери округінің алғашқы саяси жетекшісі тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды

АЛМАТЫ Маусымның 19-ы. Қаз Ақпарат /Жанар Шағалақова / - Бүгін Алматыдағы Орталық Азия әскери округінің алғашқы саяси жетекшісі Константин Максимов тұрған Ғани Мұратбаев көшесіндегі 147 үйге ескерткіш тақта қойылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. "Отан соғысының ардагері, генерал - лейтенант Константин Максимов 1939 жылы майданға қатардағы жауынгер ретінде аттанған болатын. Армияда қатардағы жауынгерден генерал-лейтенант дәрежесіне дейін көтерілді. Украина жерінде дүниеге келген К. Максимов соғыстан кейінгі еңбек жолын Қазақстанда жалғастырды. Әйгілі мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев оның ерен еңбегін жоғары бағалады", дейді К. Максимовтың майдандас досы, полковник Гирш Леонид. Ал генерал - майор Айтқали Есенқұловтың айтуынша, Константин Александрович Орта Азия әскери округінің 1969-1973 жылдары ең алғашқы саяси жетекшісі болды. "Қазақстанның әскери саласында Константин Максимовтың шапағаты мен тәрбиесін көргендер көп. Бүгінгі шара елі үшін еңбек еткен ерлердің есімі ешқашан ұмытылмайтына дәлел бола алады", деді ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінде қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов. Әкімшілік тарапынан жасалған бұл шараға батырдың жары, соғыс ардагері Тамара Александровна өз тарапынан алғысын білдіріп, бірлігі мен ынтымағы жарасқан қазақ елінің әрдайым мерейі үстем болуына тілекші екенін жеткізді.