Халықаралық Бизнес академиясында өткен шара аталмыш оқу орынның «Ауыл мектептерін еліміздің ЖОО-лары арқылы қолдау» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Оған мемлекеттік және жекеменшік мектептердің басшылары қатысты. Жиында дөңгелек үстелге қатысушылар орта білім берудің 12 жылдық үлгісін енгізу тәжірибесіндегі проблемаларды талқылады.
Естеріңізге сала кетсек, кейбір мектептердің 12 жылдық үлгіге көшу эксперименті 2003 жылы басталған болатын. Ал 2015 жылдан бастап республикадағы барлық мектептерге 12 жылдық мектеп оқуы енгізілмек. Бұл реформа қазақстандық білім жүйесінің халықаралық стандарттарға көшуіне байланысты жүргізілуде. Әлемнің көптеген елдеріндегі балалар 12 жылдық мектепте білім алуда.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың ортақ пікірі бойынша, 12 жылдық үлгіге көшу білім реформасының басты мақсаты емес. Олардың айтуынша, басты мақсат - мектепте кәсіптік бағдарлауды күшейту, ЖОО-да кешегі мектеп оқушыларын 1 курста қажетті деңгейге жеткізудегі мәселелерді шешу болуы керек. Олардың пікірінше, одан кейін ғана халықаралық стандарттарға сай білім жүйесіне көшу қажет.
" Соңғы кезде бірде бір бітіруші жұмысшының мамандығын таңдап алған жоқ. Өйткені, ауылды жерлерде 9-шы сыныптан кейін жастардың бір нәрсемен айналысуға, маман иесі болуына мүмкіндік беретін еш жүйе жоқ. Оған көп ата-ананың баласына жоғары білімді бергенін қалайтынын қосыңыз. Бүгінде еліміздің барлық жастарында жоғары білім дипломдары бар, ол әрине жақсы, бірақ меніңше, бұл жағдайды жүйелі түрде өзгерту керек, мәселен, орта мектептерде 7-8 сыныптан бастап, кәсіптік бағдарлауды енгізу қажет, сонымен қатар, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру керек, орта және кіші бизнес орындарымен байланыс орнату керек",-деді Лобановск орта мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Күлтай Жүкішева.
№2-ші Саумалкөл ауыл мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Жібек Жанқарашеваның айтуынша, ауылды жерлерде материалдық-техникалық мәселелерден басқа, педагогтардың квалификациясын көтеру мәселелері бар.
"Бізде көптеген пән бойынша мұғалімдер жетіспейді. 12 жылдыққа көшкен жағдайда ұстаздарға қойылатын талаптарды ескерсек, қазірден бұл мәселені шешіп, білікті кадрлар дайындауымыз қажет",-деп атап өтті ол.