16:51, 15 Маусым 2009
Алматыда Орталық Азия аймағында алғашқы Дәлелді медицина орталығы ашылды
АЛМАТЫ. Маусымның 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтында Дәлелді медицина орталығы ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұл Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдеріндегі алғашқы орталық. Дәлелді медицина орталығы дәрігерлердің өзінің жұмыс орнында отырып интернет арқылы осы институтта білімін жетілдіруіне мүмкіндік береді. Ол АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің көмегімен ашылды», дейді Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтының ректоры, медицина ғылымының докторы Аман Дүйсекеев. Профессордың айтуынша, онда алғашқы кезде мамандар артериалдық гипертензия бойынша оқытылады. Бұрын оларды оқыту мерзімі 3-4 айға созылатын болса, ол енді жартыдан - бір айға дейін қысқарып отыр. Болашақта орталықта өзге ауру түрлері бойынша да мамандар Алматыға келіп әуре болмай өздерінің аудан орталықтарында және ауылдарында отырып білімін жетілдіруге мүмкіндік алады.