Алматыда Орталық Азия елдеріне арналған «Жасыл пакет» жобасының таныстырылымы болып өтті

АЛМАТЫ. 22 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Орталық Азия елдеріне арналған «Жасыл пакет» жобасының CD-таспа нұсқасындағы мультимедиялық білім бағдарламасының таныстырылымы болып өтті.

Бұл қоршаған орта жайында білім алуға арналған мультимедиялық материалдар жинағы. Шағын дискінің ішінде қоршаған орта және оның тұрақты дамуы саласына арналған 25 тақырыптық ақпарат енгізілген. Бағдарлама «Табиғи орта», «Жағымсыз әсерлер», «Экономика және қоршаған орта», «Жаһандық мәселелер», «Құндылықтар» атты бес бөлімге бөлінген. CD таспадан бөлек пакетте бірнеше түрлі оқулықтар, мұғалімдер үшін жоспарлар, оқушыларға арналған әдістемелік құралдар, экологиялық бейне материалдары бар кассеталар, «Мәселелер және дилеммалар» атты интерактивті ойындар бар. Ресурстың мақсатты тобы - мұғалімдер мен 13-15 жас аралығындағы оқушылар.

"Бағдарлама тек қана нақты ақпараттарды ұсынып қоймайды, ол оқушылар арасында жаңа құндылықтар жүйесін, мектеп пен үйде, қоғамда өзін-өзі ұстаудың жаңа үлгісін қалыптастыруға бағытталған",-деді Орталық Азияның аймақтық экологиялық орталығының жоба үйлестірушісі, бағдарламаның менеджері Татьяна Шакирова. Оның айтуынша, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері Орталық Азияның әр министрлігі мен ведомстволарында басым бағыттардың қатарында қалуы тиіс.

Аталмыш жоба Орталық және Шығыс Еуропа аймақтық экологиялық орталығымен бірге іске асуда. Бұл орталық жобаның жасаушысы, әрі Еуропаның және ТМД елдерінде орындаушысы болып табылады. "Таспа Орталық Азиядағы ресми және ресми емес білім жүйесіндегі оқытушыларға, сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметкерлерге арналған",-деп атап өтті Татьяна Шакирова таныстырылым барысында.

Шара аясында жаттықтырушыларға арналған үш күндік тренинг өтеді. Оның мақсаты - орта мектеп мұғалімдерінің, ҮЕҰ өкілдерінің және Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдарының потенциалын көтеру болып табылады.

Алғашқы «Жасыл пакет» жобасы 2002 жылы жасалған болатын. Сол жылдардан бері осы жоба бойынша Польша, Болгария, Венгрия, Чехия, Словакия және Ресей елдеріндегі 10 000-нан аса мұғалім және 1 миллионнан астам оқушылар білім алған. Бүгінде осы сынды оқу материалдары Еуропа және Шығыс Еуропа мен Кавказ аймақтарына жасалуда. Қазақ тіліндегі бағдарлама биыл желтоқсан айының ортасында шықпақ. Оны жасаушы Орталық Азия аймақтық экологиялық орталығы. Жоба «Шеврон» компаниясының, Алматыдағы ЮНЕСКО кластерлік бюросы мен Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының қолдауымен іске асуда.