Алматыда Орталық Азиядағы босқындарды қорғау және халықаралық көші-қон туралды аймақтық конференция болады

АЛМАТЫ. 12 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 15-16 наурыз күндері Орталық Азиядағы босқындарды қорғау және халықаралық көші-қон туралы аймақтық конференция өтеді.

Оны БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғары комиссары басқармасы, Халықаралық көші-қон ұйымы және БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Ескертпелі дипломатия жөніндегі аймақтық орталығы ұйымдастырып отыр. Бұл шараға Қазақстан Үкіметі мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы қолдау көрсетуде. Конференцияға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Әзірбайжан, Қытай, Иран, Ресей және Түркия елдерінің өкілдері қатыспақ. Мәслихатта үкімет, халықаралық агенттік және азаматық қоғам өкілдері шекараны басқару, босқындарды қорғау кезінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамдардың қажеттіліктерін реттеу, босқындар ықпалдастығы, азаматтығы жоқ тұлғалар мен ұлттық азшылық, көші-қон үшін заң мүмкіндіктерін жасау, адам саудасын тоқтату, құрбандар мен балаларды қорғау мәселелері талқыланады. Сондай-ақ аймақтағы қазіргі заманғы көші-қон ағымдары, қорғау саласындағы мәселелер және оны шешудің әлемдік озық тәжірибелерді пайдаланып бірлескен әдістерін жасау жағдайларына да айрықша көңіл бөлінбек.