Алматыда Орталық Азиядағы геоақпарат ғылымын дамытуға арналған халықаралық конференция басталды

АЛМАТЫ. 2 мамыр. ҚазАқпарат - Орталық Азияда геоақпарат пән ретінде оқылғанымен арнайы мамандар әзірленіп жатқан жоқ.

Бұл туралы бүгін Алматыда өз жұмысын бастаған «Өзара байланысты аумақтар: қауымдастық, экономика және қоршаған орта» деген тақырыптағы Орталық Азиядағы VII GISKA халықаралық конференциясында айтылды.

«Геоақпарат ғылымының дамуына арналған бұл шара Қазақстанда биыл екінші рет өтіп отыр. Бұған дейін ол ҚазҰУ шаңырағында 2011 жылы ұйымдастырылатын болатын. Жыл сайын өтетін конференцияның бұл жолғы ұйымдастырушысы Австрия-Орталық Азия Геоақпарат ғылыми орталығы (ACA*GIScience), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Австрияның Зальцбург университетінің «Геоақпарат» кафедрасы», - дейді ҚазҰУ-дың География факультетінің Картография және геоақпарат кафедрасының доценті Нұржан Керімбай.

ХХІ ғасырдағы инновациялық білімдердің бірі саналатын геоақпарат географияны, математиканы, ақпараттық және ғарыштық технологияларды біріктіреді. Бастапқыда тек әскери салада ғана пайдаланылып келген болатын. «Қырғи қабақ соғыс» аяқталған соң қоршаған ортаның көкейкесті мәселелерін шешуге бет бұрды. Қазақстанда ол 1993 жылдан бастап әл-Фараби атындағы ұлттық университетте пән ретінде оқытыла бастады.

«Қазір география мамандығының ішінде геоақпаратқа мамандану басталды. Ол 10-нан астам жоғары оқу орнында география және картография мамандықтарында оқытылуда. Дегенмен әлі еліміздің бірде-бір оқу орнында геоақпарат бойынша арнайы мамандар әзірленіп жатқан жоқ», - дейді Н.Керімбай.