Дәстүрлі түрде жыл сайын болатын бұл шараны ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты, ҚР Қауіпсіздік кеңесі және Инвестициялардың тиімділігін зерттеу агенттігі бірлесіп ұйымдастырды.
«Онда Орталық Азия елдерінің Еуразиялық және жаһандық кеңістіктегі рөлі мен орны, ауған факторының аймақтық тұрақтылыққа ықпалы, сондай-ақ аймақ елдерінің заманауи қауіп-қатерлерге қарсы шаралары, әскери, экономикалық, әлеуметтік және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қиындықтары мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының көкейкесті мәселелері талқыланып жатыр. Жалпы қазіргі таңда бұл аймақта біршама күрделі жағдай қалыптасып отыр. Оның негізгі факторларының бірі 2014 жылы НАТО қарулы күштерінің Ауғанстаннан шығарылуы туралы мәлімдеме болуда», - дейді Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бөлім бастығы Нұрлан Сейдін. Оның айтуынша, конференция жұмысына Орталық Азия елдері мен Ресей, АҚШ сияқты өзге шет мемлекеттерден өкілдер және Қазақстанда аккредитациядан өткен дипломатиялық өкілдіктердің сарапшылары мен мемлекеттік басқару органдарының өкілдері қатысуда.