Алматыда Орталық Азиядағы көлік және транзит мәселесі бойынша форум өтті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID) мен Германия халықаралық серіктестік қауымдастығы (GIZ) бірлесе отырып, Алматыда Қазақстанның Орталық Азия елдерімен транспорт пен транзитті дамыту мәселелері жөніндегі аймақтық ынтымақтастығы тақырыбында форум өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форумға Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз елі, Түркіменстан елдерінен 70-ке жуық мемлекеттік, жеке сектор, темір жол және логистикалық компаниялардан мамандар қатысып, Орталық Азиядағы транспорт дәлізінің басты мәселелерін талқылады.

Жиында сөз алған  USAID/ Орталық Азия бойынша экономикалық даму бөлімінің директоры Эндрю Сигарс транспорт дәлізін жақсарту аймақтық интеграцияны барынша тереңдетінін және әлемдік нарыққа жол ашып қана қоймай, экономикалық-сауда байланысын нығайтатынын айтты.

«Қазіргі уақытта, мысалы, бір кәсіпкер әр шекарада жаңа қағаз толтыруға мәжбүр болып отыр. Мұны шешудің жолы ретінде шекарадаға заңдарды сәйкестендірмесек те барынша ұқсатып жеңілдету жағын қарастыру қажет. Осындай жиындар аталған мәселелерді шешуге септеседі деп ойлаймын. Бұрын Кеңес үкіметі кезінде Орталық Азия елдері арасында сауда-саттық мәселесінде айтарлықтай кедергі болмады. Қазіргі уақытта бүгінгідей диалогтар керек. Біздің ойымызша, сауда-саттық саласында әр мемлекет құжатты реттеуді жеңілдететін қызмет көрсету «терезесін» көбейтсе, барынша жеңіл болмақ», - деді Эндрю Сигарс «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.

Форумға модераторлық еткен Қазақстанның Құрметті теміржолшысы,   М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының ғылыми қызметкері Берік Бөлекбаев Орталық Азиядағы серіктестік және логистикалық транспорт мәселесін шешу, құжаттарды сәйкестендіру тақырыбы өзекті болып отырғанын айтты.

 «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында бүгінгі жиында жүктерді тасымалдау және оны сақтандыру, құжаттарды ресімдеу үдерісін жеделдету, сертификаттау тақырыптары барынша талқыға салынғанын айтты.

«Шекаралық пунктерде қордаланған мәселелер көп екенін белгілі.  Орталық Азия елдерінде инфрақұрылым жақсы дамымай жатыр. Қазақстан бұл салада алға жылжып келеді, алайда Тәжікстан, Қырғыз елінде тас жолдарды салуды қаржыландыруда қиындықтар бар. Ортақ байланыс жоқ, сондықтан осы кедергілерді жоюда бізге серіктестік қажет. Қазақстан соңғы 10 жылдың ішінде айтарлықтай табыстарға жетті. Ішкі нарықта даму бар, темір жол желілері тартылып, Кеңес Үкіметінен кейін байланыспай қалған шикізат нүктелері қосылды. 2000 шақырымға жуық темір жол тартылды. Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы Құрық портына темір жол желісі тартылды. «Нұрлы жол» бағдарламасы өз уақытымен жүзеге асырылып отыр. Логистикалық орталықтар салынып жатыр. «Алтын көл» екінші халықаралық стансасын дамыту бойынша жұмыстар жүруде. Шекаралық хаб болмақ, онда автокөлік, темір жол тасымалы жүзеге асырылып, тәулігіне 1000-ға дейін жүк көлігі өткізілетін болады. Бұл - ірі кешен. «Алтын көл» арқылы 2017-2018 жылдары 15-20 млн тонна жүк өтеді деп жоспарланған. Сонымен қатар, білесіздер, Қазақстан осыдан екі жыл бұрын Түркіменстан арқылы Парсы шығанағына шығатын жол салды. Бұл да  үлкен жұмыс», - деді ол.