Алматыда Орталық Азиядағы посткеңестік ықпалдастық мәселелері талқыланды

None
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыда бірқатар қоғамдық ұйым өкілдері «Орталық Азиядағы посткеңестік ықпалдастық» мәселелеріне байланысты баспасөз мәслихатын өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оған - Қоғамдық мәселелерді талдау орталығынан Қанат Берентаев, Саяси шешімдер институтынан Рустам Бурнашев, Новосібір мемлекеттік университетінен Владимир Пластун және Мәскеу эксперименталдық шығармашылық орталығынан Андраник Дереникьян қатысты. Басқосуда Қазақстанның Орталық Азиядағы саяси-экономикалық тұрғыдағы жетекші елге айналып отырғандығы сөз болды.

«Орталық Азиядағы саяси ахуал тұрақты болғанымен, қауіпті қылмыстық топтар әлі де сейіле қоймады. АҚШ Ауғанстанды тәлібтерден тазартты. Дегенмен, әскерлерін толық шығармауы - қауіптің әлі де жойылмағанын айғақтайды. Бұл тұрғыда Қазақстан Орталық Азиядағы саяси тұрақтылықты сақтау үшін ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде жетекші мемлекетке айналуға тиіс», деді Новосібір мемлекеттік университетінен Владимир Пластун.

Бұдан бұрын қыркүйектің 10-11-і аралығында Ыстықкөлде «Посткеңестік ықпалдастықтағы Орталық Азия» атты халықаралық конференция өткен еді. Онда аймақ елдеріндегі ықпалдастық мүмкіндіктері жан-жақты талқыланған болатын.