Алматыда Орталық Азиядағы сақтандыру туралы IV халықаралық конференция өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Өткен 2 жылдың ішінде сақтандыру нарығы дағдарыстың ішкі және сыртқы әсеріне төтеп бере алды.

Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан Орталық Азиядағы сақтандыру туралы IV халықаралық конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оны ҚР Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі мен Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының қолдауымен InterConsult компаниясы ұйымдастырған болатын. Екі күнге созылатын конференция жұмысы - «Сақтандыру нарығын дамыту мен реттеудегі әдістер және ағымдар», «Ұлттық нарықтардың өзара әрекеттестігі», «Ірі тәуекелдер/ қайта сақтандыру», «Сақтандырудың бұқаралық түрлерін сақтандыру. Ерікті жеке сақтандыру», «Сақтандыру инфрақұрылымы», «Міндетті сақтандырудың перспективалары мен проблемалары» деген секциялар бойынша жүргізілмек.

«Өткен 2 жыл ел экономикасы мен қаржы секторы үшін өте күрделі болды. Біз ұнамсыз ағымдарды көрдік. Экономика мен қаржы секторының дамуы баяулады. Тек сақтандыру нарығы ғана біздің пайымдауымызша, ішкі және сыртқы әсерлерге тиімді төтеп бере алды. Активтердің өсім көрсеткіші болды», дейді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Кеңесінің төрағасы Серік Аханов.