Осыдан тура бір ай бұрын Көкжиек шағын ауданындағы №32 үй өртке оранған болатын.
Содан бері өткен 1 айда үйдің шатыры түгел қалпына келтірілді. Айдың соңына дейін жұмысшылар үйдің қасбетін қалпына келтірмек.
«Жауын суы өтіп кетпес үшін алдымен шатырды қалпына келтіруге кірістік. Алдын ала есептеу бойынша шатыр мен қасбетке 100-108 млн теңге жұмсалады. Бұл пәтерді жөндеуге жұмсалатын ақшадан бөлек. Бүгінде тілсіз жау жарамсыз еткен 8 пәтердің тұрғындары жалға алынған пәтерлерде тұрып жатыр», - деді Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Ернат Базыл.
Оның айтуынша, өртке қатысты техникалық сараптама қорытындысы шыққан. Оған сәйкес, өрттің электр сымдарының қысқа тұйықталуынан емес, ашық жалыннан тұтанғаны белгілі болды.
«Айдың соңына дейін мүліктік шығын толық есептеліп, өртке кінәлі тұлғалар анықталады. Абырой болғанда, тұрғындардың көпшілігі пәтерін сақтандырып үлгерген. Сондықтан, келтірілген шығынды сақтандыру компаниясы өтеуі тиіс.», - деді Ернат Базыл.
Сонымен қатар, үйі өртенген адамдарға 50-100 АЕК көлемінде көмек беріледі. Мүліктік шығын толық есептелген соң өртенген пәтерлерді жөндеу жұмыстары басталады.
Тұрғындардың көпшілігі қара күйе шалған үйлерін тазалауды бастап кетті.
«Үкімет шатырымызды жауып берді. Біз оған дейін құр отырмай қырып, тазалап жинап дайындап береміз. Қазір пәтер жалдап жатырмыз. Ақшасын әкімдік төлеп жатыр. Өрттің шығуына себепкер болған балалар деп жатыр. Ол баланың әке-шешесінің өзі пәтер жалдап тұрады. Олардан не сұраймыз енді?», - деді Жандос Әбілғазиев.
Еске сала кетсек, 5 сәуірде Көкжиек шағын ауданында №32 үйдің бірнеше балконы мен мансарды, шатыры отқа оранған болатын. Төтенше жағдай болған жерден 300 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Төтенше жағдйдан соң қала әкімі Бауыржан Байбек өртенген үйді қысқа мерзім ішінде қалпына келтіруге тапсырма берген еді.