Алматыда өртенген үйдің тұрғыны болған жай туралы айтып берді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өртенген үйдің тұрғыны болған жай туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Самал-1» шағын ауданындағы №23 үйде тұратын Сәкен Нүсіров өрт басталған кезде үйінде болған.

Тұрғындардың айтуынша, 6-қабаттағы №30 пәтердің балконы өртке оранғанда ол пәтерде ешкім болмаған. Жылжымайтын мүлік иесі пәтерін тәулігіне жалға береді екен.

«Естуімше, пластик өртенген. Кіреберіске шыққан соң, өртті көріп, бірден төмен түстім. Көршілердің бәрі түсті. Подьездегі гидрант жұмыс істемейтіндіктен өрт сөндірушілерге сырттан баспалдақ қойып, шланг тартуға тура келді», - деді Сәкен Нүсіров.

Өрт 7-қабаттағы №37 пәтерді де шарпыған. Бұл пәтердің де ішінен күйік иісі шығады, есігі бұзылған.

Айта кету керек, өрт туралы хабарлама бүгін сағат 08:57-де түскен. Медеу ауданы, Самал 1 шағын ауданындағы 23 үйдің 6 қабатында балкон өртке оранған. Өрт сөндірушілер келгенде қызыл жалын 7-қабаттағы балконды шарпи бастаған. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды басқа да балкондарға көшпей тұрғанда ауыздықтап үлгерді. Сондай-ақ, мамандарға өрт өндірумен қатар 60 адамды, оның ішінде 12 баланы қауіпсіз жерге көшіруге тура келді.