Байқауды Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитеті өткізуде.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурстың басты мақсаты - орыс жастары арасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін еркін меңгерген орыс жастарына қолдау көрсету, сондай-ақ сөз мәдениетін көтеру және жетілдіру. Биылғы сайысқа «Тіл - парасат» байқауының өңірлік жеңімпаздары атанған 12 қыз-жігіттер қатысады. Олардың арасында - Кристина Червинская (Ақтөбе облысы), Елнұр Степанов (Астана), Анастасия Павлюк (Павлодар облысы), Алина Жукова (СҚО), Надежда Костенко (Жамбыл облысы), Виктор Таташинский (Қостанай), Кирилл Денисов (Қызылорда облысы), Кристина Гончарова (Алматы облысы), Оксана Драчко (Алматы), Алина Гагарина (Қарағанды облысы), Мария Масимова (ШҚО), Алена Полухова (Ақмола облысы) бар.
Ақтөбе облысының атынан қатысқан Кристина Червинская болашақта хореограф болуды армандайды. Асқақ арманына қарай алғашқы қадамын қазірдің өзінде жасап үлгерген - ол бастауыш сынып оқушыларына ұлттық би үйретуде. Кристина қазақ тілін үйренуді 6 жасынан бастаған. Павлодар облысының қатысушысы Анастасия Павлюк қазақ мектебінде 9 жыл білім нәрімен сусындаған. Қазіргі таңда Павлодар мемлекеттік университетінде журналистика мамандығына бейімделуде, болашақта тележүргізуші болғысы келеді. Жастарға қолдау көрсетуге Қазақстандағы орыс қауымдастығының төрағасы, қазылар алқасының мүшесі Юрий Бунаков атсалысқан.
«Маған байқаудың бастамашысы болу бақыты бұйырды. Мен 8 жыл бұрын министрді (мәдениет - мыс.) мемлекеттік тілдің қажеттілігі, ең алдымен орыс жастарына байланысты екеніне сендірдім. Егер біз жастарға мемлекеттік тілдің маңызды екенін түсіндіре алсақ, жастар да оған өз үлестерін қосса, демек тіл дамытудың осындай құралы тиімді болмақ. Аталмыш байқауға 8 жыл бойы әр жыл сайын мыңдаған орыс ұлтының бозбалалары мен бойжеткендері қатысуда. Мен оларды мақтан тұтамын», - деді ол.
Қатысушылардың алғашқы тапсырмасы мемлекеттік тілді ауызша таныстыру болды - балалар тапсырмалар берілген кәртішкелерді таңдап, қысқаша тіл туралы айтулары керек. Қатысушылар туған жері, Отаны, сүйікті жазушылары туралы еркін әңгімеледі.