Алматыда остеопороз күніне арналған әлеуметтік акция өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Халықаралық остеопороз күні. Алматыда аталмыш күнге орай және Қарттар айлығы аясында №5-ші мен №8-ші және қаланың бірнеше жеке меншік емханаларында әлеуметтік акция өтіп жатыр. Шараның ұйымдастырушылары - Остеопороз жөніндегі дәрігерлер қауымдастығы мен Қазақстан сүт одағы.

Ашық есік күні сүйек тінінің тығыздылығын анықтағысы келетіндер үшін тегін денситометриялық тексерулер жасалып, кеңестер берілді. Аталмыш саланың дәрігерлері үшін арнайы дәрістер ұйымдастырылды. Шара барысында Қазақстан сүт одағы остеопороз ауруының алдын алатын және құрамында кальцийі көп өнім болып табылатын сүт өнімдерін әр келушіге тегін таратып, қайырымдылық шарасын өткізді. Аталмыш шара бүгін кешке дейін жалғасады.

"Кальцийді адам ағзасына көп мөлшерде жеткізуші өнімнің бірі сүт екендігі белгілі. Бұл тағамның Қазақстанда жалпы тұтыну деңгейі өте төмен, дегенмен, соңғы 5 жыл ішінде көрсеткіштер алғаш рет жоғарылағандығын көрсетіп отыр. Бұл қуантарлық жағдай. Біз өз тарапымыздан остеопороз ауруының алдын алу үшін және жалпы денсаулыққа пайдалы сүтті барлық жастағы адамдарға күніне кем дегенде 200-250 грамм ішу керек деген ұсынысымызды білдіреміз", деді Қазақстан сүт одағының өкілі Марина Воронова.

«Қазақстанда остеопороз мәселесі дүниежүзінде сияқты, денсаулық сақтау жүйесінің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Соңғы жылдары бұл аурудың таралуы күннен күнге артуда. Өкінішке орай, бүгінгі күні бұл ауруға балалар да шалдығуда. Бұл аурудың қауіпті екенін әр бір азамат білуі тиіс. Біздің емханада тіркеуде тұрғандардың 30-35 пайызында остеопороз ауруына қауіп бар. Бізде арнайы тексеретін медициналық аппарат болмағандықтан, біз емделушілерді басқа емханаларға тексеруге жіберуге мәжбүрміз. Ал бүгінгі, жылына бір рет мүмкіндік берілетін мұндай шара қоғам назарын остеопороз мәселесіне аударуға және халыққа бұл аурудың алдын алу профилактикасын түсіндіруге мүмкіндік береді», деді №5-ші қалалық емхананың бас дәрігері Гүлшахира Қамбарова. Оның айтуынша, сүйек ұлпасының жағдайын зерттеуге арналған қазіргі заманғы әдістер - ультрадыбыстық денситометрия, қосэнергетикалық рентген абсорбциометриясы әр емханада болуы керек.

Остеопороз жөніндегі дәрігерлер қауымдастығының президенті Гүлжан Ғабдуллинаның айтуынша, остеопороз ауруын алдын алу үшін тұрғындар көп қозғалулары қажет, дене жаттығуларын жасауы керек, кальций және Д витамині бар тағамдарды, сүт өнімдерін жеткілікті пайдалану керек.

Дүниежүзілік остеопороздың алдын алу күні - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен, Ұлыбританияның Ұлттық остеопороз қоғамының ұйымдастыруымен 1999 жылдан бастап аталып өтіледі. Бұл күні барлық емханаларда алдын алуға арналған әр түрлі шаралар өткізіліп тұрады.