Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында остеопороз жөніндегі дәрігерлер қауымдастығының президенті Гүлжан Ғабдуллина мәлім етті.
Оның айтуынша, жыл басында қолға алынған "Шығыс Еуропа және Орталық Азияда аймақтық аудит. Эпидемиология және әлеуметтік-экономикалық салдар. 2010 жыл" атты халықаралық бағдарлама аясында елімізде остеопороз мәселесінің жағдайына аудит жүргізілген. "Статистика көңіл қуанталық емес. Аудиттің алдын алу мәліметтері келеңсіз болжамдарды көрсетті және Қазақстанда остеопороз сынығы бар науқастарға медициналық көмек көрсету жағдайының нашар екендігі анықталды. 50-45 жас аралығындағы науқастардың сүйектегі минералдық тығыздығының жағдайын тексерген кезде 33,33 пайыз жағдайында (ер кісілерде 27,27 пайыз және әйелдерде 37,50 пайыз) остеопения анықталды және әйелдердің 12,50, ер кісілердің 9,09 пайызында остеопороз бар екендігі белгілі болды", деп атап өтті Гүлжан Ғабдуллина.
Оның пайымдауынша, елімізде кальцийді пайдаланудың орташа көрсеткіші Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген мөлшерден төмен. "Тұрғындардың көп бөлігі кальциймен қатар, D дәруменінің тапшылығын тартып отыр. Мұның бәрі сүйек ұлпасын бұзып қане қоймай, рахит кеселін де туғызады. Сондықтан тұрғындарға кәсіби деңгейде көмек көрсетуді қазірден бастап ойлау керек. Бұл міндетті мемлекеттің орталықтандырылған қолдауы арқылы шешуге болады", - деп ұсынысын білдірді ол.
Гүлжан Ғабдуллина сонымен қатар қазіргі уақытта остеопорозды анықтаудың тиімді тәсілі DXA технологиясымен аймақтарды қамтамасыз ету керек деп атап өтті. "Бұл әдіс тек ірі қалаларда ғана, атап айтқанда Астана, Алматы, Қарағанды және Павлодарда бар. 1 миллион адамға бар болғаны 0,3 денситометрден келеді. Сонымен қатар емдеуге арналған препараттарды мемлекет төлемегендіктен, көптеген тұрғындардың дәрі-дәрмекке қолдары жетпей жүр", - деді ол.
Қазақ ұлттық медициналық университетінің амбулаториялық-емханалық терапия кафедрасының меңгерушісі Бақытшолпан Исаеваның айтуынша, остеопороз мәселесі Алматы және Алматы облысында кең таралған. "Бұл аймақта йодты пайдалану деңгейінің төмендігінен ұйқы безінің кеселдері жиі кезігуде. Бұл остеопороз дамуына әкеп соқтыратын бірден бір себеп", - деді ол.
Алматы қаласының дәрігерлерді жетілдіру институтының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Оразбай Әбдіразақовтың паймдауынша, әсіресе, бел сүйегі сынған науқастарға медициналық көмек көрсету жағдайын жақсарту қажет. "Батыс Еуропада бел сүйегі сынған науқастардың көбі оперативті әдіспен емделеді, ол емдеудің оптималды стандарты болып саналады, ал елімізде хирургиялық емдеудің көрсеткіші өте төмен. Осыған байланысты сүйек сынғаннан кейін өліп кету қаупі өте жоғары", - деп атап өтті ол.