Алматыда Отан соғысының 2,5 мың және тылдың 19,5 мың ардагері бар

АЛМАТЫ. Мамырдың 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда Ұлы Отан соғысының 2,5 мың және тылдың 19,5 мың ардагері бар. Оны қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін Жеңіс күні мерекесіндегі құттықтау сөзінде айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгін әлем тарихындағы ең қатігез соғыста әділеттің ақ таңы атқан күн - Ұлы Жеңіс күні. Бұл қабырғалы халқымыз бен еңселі еліміз үшін ерекше мереке. Осы күні соғысқа қатысып қаза болған боздақтарды еске алып, арамызда жүрген ардагерлерді қошеметтеуге асығамыз. Өздеріңізге белгілі, Елбасымыздың ардагерлерге деген назары қашан да ерекше. Нұрсұлтан Әбішұлының «Жеңіс мерекесі әрбір төртінші азаматты соғысқа аттандырған бүкіл қазақстандықтардың мерекесі. Жеңіс мерекесі жеңімпаз әкелер мен аға буынның және сол ағалар ісін алға апаратын жас буынның меркесі» деген сөзі сіздердің мерекелеріңізді үстем етіп көрсетеді», деді Алматы әкімі. 28 панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алауға гүл қойып соғыс құрбандарын еске алу рәсімімен басталған бұл шара өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концертке ұласуда. Сондай-ақ майдангерлердің әскери өмірді еске түсіріп, далалық асханадан дәм татуына мүмкіндік жасалып отыр. Мерекелік бағдарлама кешкілік Астана алаңындағы отшашумен аяқталмақ.