Алматыда «Отандық журналдар: өзекті мәселелері және болашағы» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өтеді

АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат - Ертең, 5 қарашада Алматы қаласындағы Достық үйінде баспасөз өнімдерін таратушылардың, республикалық және салалық журналдардың бас редакторларының, мүдделі министрліктер мен журналдарды шығарушы Ассоциация өкілдерінің қатысуымен «Отандық журналдар: өзекті мәселелері және болашағы» тақырыбы бойынша Дөңгелек үстел өтеді.

Аталмыш іс-шараны «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр.

  Дөңгелек үстел барысында жеке сату торабы арқылы баспа өнімдерін өткізу мәселелерін шешуге оң ықпалы болатын қазіргі дайындалып жатқан Қазақстанның ақпараттық кеңістігін дамытудың бағдарламасы талқыланатын болады. Бұл мәселенің көп уақыттан бері, атап айтқанда еліміз тәуелсіздігін алған уақыттан бері шешімін таппай келе жатқанын айтқан жөн. Баспа өнімдерін тарату бәсекелестік ортаға берілгендігіне қарамастан жекелеген тұлғалар бұл нарықты басыбайлы өздеріне теліп алған жағдайлар жиі орын алуда. Нәтижесінде, ашық сауда алаңында баспасөз өнімдерін тарату редакциялар үшін ауырға соғып отыр. Әсіресе, қазақ тілінде шығарылатын өнімдер өте күрделі жағдайда қалуда. Қазақ тіліндегі журналдар мен газеттер сатылатын дүңгіршіктердің саны саусақпен санарлықтай ғана. Ал  басқа дүңгіршіктерде мемлекеттік тілдегі өнімдерді сатуға құлықтылық танытпай келеді. Сол себепті қазір қазақстандық оқырман шетелдік басылымдарды жиі кездестіреді, қазақстандық кәсіпкерлер өздерінің жарнамаларын өзге елдердің басылымдарында орналастырады. Әрине, мұндай жағдай тез арада түзетуді қажет етеді десек, бұл мәселе Дөңгелек үстелдің басты міндеті болып табылады.

    Дөңгелек үстелдің және бір нақты міндеті нарық тұлғалары болып есептелінетін баспа өнімдерін таратушылармен оларды шығарушылардың арақатынастарын жақсартуға саяды. Сондай-ақ, өзара қарым-қатынаста орын алған түйінді  мәселелерді шешудің тиімді жолдарын іздеу төңірегінде кең көлемде әңгіме болмақшы. Әңгімеде сонымен қатар отандық газет-журнал өнімдерін таратудың балама түрлерін қолдану жолдары да қамтылмақшы. 

Сонымен қатар, аталған іс-шара аясында еліміздегі ең танымал көп тиражды жетекші отандық журналдарының көрмесі ұйымдастырылады. Көрме барысында 300-ге жуық журналдың көрсетілімі күтілуде.

     Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша жеке сатуда қордаланған барлық кешенді мәселелерді шешудің айқын жолдары белгіленіп, нақты ұсыныстар дайындалады.