Алматыда отбасылық дәрігерлік амбулаториялардың саны артады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жаңа отбасылық дәрігерлік амбулаториялар санын арттыру қажет. Бұл туралы 2022 жылға арналған міндеттерді орындау жөніндегі алқа отырысында қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиын Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың төрағалығымен өтті.

Алқа отырысында ана мен бала өлімін азайту, медицина кадрларының тапшылығын шешу мәселелері қаралды.

Сондай-ақ алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыс жоспары сараланып, міндетті медициналық сақтандыру қорының жұмысы сөз болды.

Нариман Табынбаев Алматы қаласындағы денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту және медициналық көмек көрсету стандарттарына сәйкес болу үшін денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту керектігін айтты.

«Жаңа отбасылық дәрігерлік амбулаториялар салу арқылы азаматтарға БМСК қызметтерінің қолжетімділігін арттыру қажет. Сондай-ақ, мамандандырылған қызметтерді дамыту және қала шетіндегі елді мекендерде тұратын халықтың жоғары мамандандырылған көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі өткір болып тұр»,- деді басқарма басшысы.

Ал, қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали ана мен бала өліміне қатысты мәселені көтерді.

«Өкінішке қарай, осындай проблема бар. Сондықтан аталған мәселенінің алдын алу үшін ана мен баланы қорғау бөлімі мен БМСК қызметін бақылауда ұстау қажет. Сондай-ақ әйелдер консультациясы және перзентханалардың жұмысын күшейту керек. Бұл перзентханаларды көпбейінді стационарлармен біріктіру арқылы мамандандырылған медициналық көмек көрсетудің мультидисциплинарлық қағидатын іске асыруға, жүкті әйелдерге медициналық көмектің сабақтастығы мен сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,- деді Лаура Мырзағали.

Жиын барысында қоғамдық денсаулық басқармасы басшылығына мегаполис тұрғындарына медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі арттыру міндеті жүктелді.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының, мамандандырылған қызметтердің жол карталарының көрсеткіштері мен индикаторларына қол жеткізу бойынша шаралар қабылдау - басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.