Алматыда өтетін халықаралық турнир ондаған елдің боксшыларының басын қосады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда 8-13 шілде аралығында «Президент кубогі» IV халықаралық турнирі өтеді, деп хабарлайды Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі. Турнир Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында болады.

ҚР Президенті кубогі дәстүрлі түрде бокс державаларының мықты спортшыларын - Олимпиада, Азия, Панамерика ойындарының, әлем, Азия және Еуропа чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жинайды. Бұл беделді сыйлықты тұрақты түрде Қазақстан ұлттық құрамасы өз қанжығасына байлап келе жатыр. 2006 жылы біздің боксшыларымыз 8 алтын медаль ұтып алды, ал 2010-да 6, 2012-де 7 алтын медальді қоржынға салды.

IV турнирге әлемнің 12 елінен (Әзербайжан, Ирак, Куба, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Өзбекстан, Украина, Филиппин және Қазақстан) 104 боксшы қатысады.

Шетелдік құрамалардың қатында Робейси Рамирез сынды олимпиада чемпионы және ӘЧ финалисі Ариснодиус Диспэйн (Куба), ӘЧ бірнеше дүркін жеңімпазы Жасурбек Латипов (Өзбекстан), Олимпиада ойындары (ОО) мен ӘЧ финалисі Цуцгот Нуямбаяр (Монғолия), әлем чемпионы Гавид Челебиев және ОО мен ӘЧ жүлдегері Теймур Маммадов (Әзірбайжан) бар.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов ұлттық құраманың үш құрамын жарысқа шығарады, олардың қатарында былтыр Алматыда өткен әлем біріншілігінде топ жарған боксшылар да бар. Мәселен, әлем чемпионы Біржан Жақыпов (49 кг), Ілия Сүлейменов (52 кг), ӘЧ қола жүлдегерлері Қайрат Ералиев (56 кг) және Берік Абдрахманов (60 кг), әлем чемпиондары Данияр Елеусінов (69 кг) және Жәнібек Әлімханұлы (75 кг), ОО мен ӘЧ финалисі Әділбек Ниязымбетов (81 кг), Антон Пинчук (91 кг-ға дейін), ӘЧ финалисі, ОО қола жүлдегері Иван Дычко (91 кг-нан жоғары).

ҚР Президенті кубогі ұлттық құраманың Инчхонда өтетін Азия чемпионатына дайындық аясындағы қорытынды турнир болмақ.

Айта кетейік, қазіргі қазақстандық боксшылардың ішінде Біржан Жақыпов пен Иван Дычко ҚР Президенті кубогында екі реттен алтын медаль тағынған. Ал Серік Сәпиев өз кезінде бұл тұғырға үш рет көтерілген.

ҚР Президентінің IV Кубогінің супервайзері - Әлем чемпионы атағын ең алғашқы болып жеңіп алған қазақстандық боксшы Валерий Рачков.